01-06-18 |
2840 рет қаралған
Орта Азиядағы инвестициялардың 70 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Орта Азиядағы инвестициялардың 70 пайызы Қазақстанға тиесілі

Қазақстан экономикасын алға ілгерілетуге ықпал ететін факторлардың бірі – тікелей шетелдік инвестиция. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық тұрақсыздықты еңсеріп, жұмысы тоқтаған көп кәсіпорынның тамырына қан жүгірту үшін Қазақстанға шетелдік капитал тартудың тиімді механизмдері жолға қойыла бастады. Шетелдік инвесторларға қолайлы іскерлік орта қалыптастырып, өзге мемлекет кәсіпкерлерін экономиканың жетекші салаларына салым салуға ынталандыру ісі егемендіктің  27 жылында дәл сол күйінде өзекті болып қалды. Бұл ұлттық экономиканың дербестігіне жауапты мемлекеттік органдарға айтылған сын емес. Қайта осы мысал арқылы инвестицияның жаңадан құрыла бастаған нарық пен дамушы экономикаға бірдей қажет екенін атап өткіміз келеді. Мәселен, экономикалық көрсеткіштер бойынша алда тұратын алпауыт Америка өткен жылдың алғашқы үш айының өзінде 83,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция алған.

Қазақстан Орта Азиядағы инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекеттердің көшін бастап тұр. Өңірге келген шетелдік қаржының 70 пайызы еліміздің еншісінде. 2005-2016 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 2,6 есе немесе 160,7 % артқан. Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің XXIV жалпы отырысында «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 120 млрд $ тікелей шетелдік және 150 млрд $ ішкі жеке инвестиция тартылды» деп, еліміздің бұл саладағы әлеуетіне айрықша тоқталды.

RFCA ratings сараптама орталығы ұсынған статистикалық дерекке сәйкес, 2013 жылы басталған шетелдік инвестиция көлемінің қысқаруы, 2015 жылы рекордты көрсеткіш орнатып, ел нарығына бағытталған шетелдік капитал 37,8 % кеміді. Бұл кері тенденцияны сарапшылар геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік нарықта энергетикалық ресурстар және металл бағасының төмендеуімен байланыстырады. 2016 жылы қайта жанданған инвестиция ағымы 39,9 %  өсім көрсетіп, өндірістік жобаларға қосымша 20,6 млрд $ қаржы келді. Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің алғашқы төрттігіне АҚШ, Нидерланды, Швейцария мен Франция кіреді. Ал Қазақстанға қызығушылық танытқан инвесторлардың 34,3 % тау-кен өндірісі, 23,6 % ғылыми-техникалық қызмет, 18,4 % өңдеу, 23,7 % экономиканың өзге салаларына қаржы салған.

Дүниежүзілік банктің 2016 жылы дайындаған «Экономикалық тәуелсіздік» рейтингінде Қазақстан 42-орынды иеленген. Бұл одақтас Ресей және Беларусь мемлекеті көрсеткен сәйкес 104 және 114-орын нәтижелерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш әрі ТМД көлемінде инвестиция тарту бойынша көшбасшы позициясын Қазақстанның еншісінде қалдырады. Forbes журналының «Кәсіпкерлік жүргізу үшін ең үздік ел» деп аталатын рейтингінде Қазақстан 58-орынды місе тұтқанымен, «Инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша ең үздік үш мемлекеттің қатарынан табылған.

Тәуелсіздікті жаңа алған тұста Қазақстанның инвесторларға табиғи қазбасы мен минералды шикізаттарынан өзге ұсынары жоғы рас еді. Жылдар өтіп, экономиканы әртараптандыру мақсатты жоспарының аясында өңдеуші секторға қаржы құюдан қорықпай сенім артатындар табылды. Мәселен, 1991-2009 жылдары Қазақстанға келген 1 трлн 221 млрд 239 млн теңге көлеміндегі инвестицияның 122 млрд 508 миллионы дайын өнім шығаруға жұмсалған. 2011-2015 жылдар аралығында өңдеуші секторға 624 млрд 408 млн қаржы бағытталып отыр.

Рейтингтерде қол жеткізген оң нәтижелеріне қарамастан, Қазақстан инвесторларға арналған қолдау шараларын кеңейтіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға әлі де мүдделі. Әсіресе, мемлекеттік мінберде жиі көтерілетін бұл тақырыпты мемлекет басшысы «Экономикаға келетін жыл сайынғы инвестиция көлемін 10 миллиард  асырып, он жыл ішінде 100 млрд доллар шетел қаржысына қол жеткізу» туралы тапсырмасымен түйіндеді. Осы мақсатты жүзеге асырып, елде қолайлы инвестициялық климат орнату үшін 2018-2022 жылдарға арналған шетелдік инветсиция тарту жөніндегі Ұлттық стратегия қабылданды.  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек стратегиялық маңызды құжаттың таныстырылымында экспортқа бағытталған тауар шығару саласына айрықша мән берілетінін атап өтті. Құжатта белгіленген жоспар түгел орындалса, өнім шығаратын сектордың экономикадағы үлесі 46 пайызға жуықтайды. Қаржы нарығы мен туризм сияқты салалар да шетел қаржысын кезек күттірмей қабылдайтын жетекші салалар болмақ. Ұлттық стратегия аясында атқарылатын жұмыстар экономиканың басым бағыттары мен оған қызығуы мүмкін тараптардың тізімін жасаудан басталды. Инвесторлармен тікелей жұмыс жасап, олардың ел аумағындағы өмірін жеңілдету міндетін былтыр құрылған Kazakh Invest компаниясы өз мойнына алады.  Кәсіпкерлерді инфрақұрылымды дамыту, «бір терезе» қағидатын енгізу арқылы қолдау шараларынан бөлек, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын қадағалайтын мониторингтік  жобаны   іске қосу да министрлік өткен жылы күн тәртібіне енгізген мәселелер қатарына кіреді. Инвесторларға қолайлы климат қалыптастырушы факторларға елдегі саяси тұрақтылық, геосаяси қауіптердің болмауы, экономиканың кепілдендірілген өсімі, әкімшілік кедергілердің жоқтығы, ұтымды жобалық ұсыныстар, табыс табу әлеуеті, өткізуші нарықтардың жақын орналасуы сияқты талаптар жатады. Осыдан елімізге шетелдіктерді алып келген Қазақстанның өңірлік және әлем қауіпсіздігін сақтауға қатысты бастамалары, интеграциядағы жетістіктері, қарқынды дамушы экономикасы, қоғамдық келісім  мен бейбітшілік екенін аңғаруға болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвесторлар үшін «Бір терезе» жобасы жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – артық қағазбастылық пен қажетсіз жүктемені азайту арқылы, әкімшілік кедергілерді жою. Алдағы уақытта бұл жүйе толықтырылып, жұмысы жанданатын болады. Қазірге дейін жаңа жүйе бойынша 5,5 мың өтініш қаралған. Бұрынғыға қарағанда уақыт үнемдеп, инвестормен қарым-қатынастың жаңа формасын құратын жобаның жетістігі көп.

Өткен жылдан бастап 55 елге енгізілген «визасыз режим» инвесторлардың Қазақстанға келіп-кетуін оңтайландыру үшін қолға алынған. Мемлекет басшысының маусым айында Бейжіңге жасаған ресми сапары барысында 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 16 млрд $ инвестиция құйған Қытаймен тағы да жаңа келісімдер жасалды. Осы сапар аясында ұйымдастырылған кезекті Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінің отырысына 270 Қытай, 130 Қазақстан кәсіпкерлік өкілдері қатысты.  Нәтижесінде жалпы құны 13 млрд дол­лар бағаланған 41 құжатқа (оның ішінде: 17 инвестициялық – 8,7 млрд доллар, 9 қаржылық – 3,6 млрд долллар, 7 сыртқы сауда бойынша – 0,7 млрд доллар, 8 коммерциялық емес) қол қойылды. Олардың қатарында ядролық заттарды тасымалдау, радиоактивті қалдықтарды кедендік бақылау саласында әріптестік байланыс ор­нату, елімізден Қытайға ет өнім­дерін экспорттау, электронды сауданы дамыту, өндірістік қуат пен инвестиция көлемін арттыру жөніндегі келісімдер бар. Қазақстан Президентінің Қы­тайдың ірі кәсіпкерлік субъекті­лерімен кездесуі кезінде қаржы институттары мен Қазақстан нары­­ғында жұмыс тәжірибесі бар инвесторлар нәтижелі жоба­ларды таныстырып, келешек жоспар­ларымен бөлісті. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай жұмысын жолға қою үшін күш біріктірген инвестициялық жобалардың жалпы саны – 51. Жиынтық құны 27,6 млрд доллар деп белгіленген жобалардың 12-сі қазір атқарылу үстінде, тағы 8 жоба 2018 жылы басталады.

Инвестиция – үлкенді-кішілі демей, барлық мемлекеттің экономикасын көтеруге елеулі үлес қосатын маңызды ресурс. Сырттан келетін қаржының көлемі Қазақстан нарығының әділ шарттар ұсынатын сенімді мемлекет екенін дәлелдей түседі. Осы ұстанымның дұрыстығынан болса керек, елге инвестиция салуға ынталылардың қатарын көбейту басым мақсаттардың бірі болып қала беретінін елбасының сөзі дәлелдегендей болды. Ол «Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс» деген болатын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.