25-07-18 |
6520 рет қаралған
Жапония мен ЕО еркін сауда келісімінің цифрлары мен фактілері.
Жапония мен ЕО еркін сауда келісімінің цифрлары мен фактілері

Токио қаласында 17 шілде күні Еуропалық Одақ пен Жапония арасында аса ірі екі жақты еркін сауда аймағын құру туралы маңызды келісімге жоғары деңгейде қол қойылғаны белгілі.  

Токио мен Брюссель еркін сауда туралы келісімге қол қою үшін жеті жыл бойы тер төкті. Оның бастауында Жапонияның экс-премьері Наото Кан мен Еуропалық кеңестің бұрынғы төрағасы Херман Ван Ромпёй болды. Дональд Трамп пен Владимир Путиннің 16 шілдеде өткен кездесуінің жанында осы үлкен жаңалық көмескіленіп қалғандай. Олай болса, осынау орасан зор еркін сауда келісімінің цифрлары мен фактілеріне тағы бір көз жүгіртейік.

Халық саны мен жалпы ішкі өнімі

Жаңа келісім Солтүстік Америка еркін сауда аймағынан (NAFTA) кейінгі әлемдегі екінші ірі экономикалық блоктың қалыптасуына әкеледі. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, 2017 жылы Жапонияның және Еуроодақтың 28 елінің жалпы ішкі өнімі шамамен $21,5 трлн. құраған. Ал, Солтүстік Америка елдері –Канада, АҚШ пен Мексиканың көрсеткіші $ 22,2 трлн.

ЕО мен Жапонияның халық санын қосса 635 миллион адам, ал NAFTA елдерінде шамамен 490 миллиондай адам өмір сүреді. Бұл жаңа келісім планетамыздың жалпы ішкі өнімінің шамамен 30% және әлемдік сауда көлемінің 40% құрайды.

Еуропалық Одақ пен Жапония келісімін NAFTA келісімімен салыстыру

Келісім ережелері

ЕО-Жапония саммитінің соңында қол қойылған келісімге сәйкес, Токио Еуропалық Одақ елдерінде өндірілген 94% тауар түрлерін баж төлемдерінен босатады. ЕО өз кезегінде, Жапонияда өндірілген 99% тауарларына тарифтерді алып тастайды. Сонымен қатар жапон автомобильдеріне салынатын баж (10%) аталмыш шарт күшіне енгеннен кейін сегіз жылдан кейін, ал электроникаға баж (14%) алты жыл өткен соң мүлдем жойылады.

Брюссельдің пікірінше, ЕО мен Жапония арасындағы тауар айналымының құрылымы соңғы жылдары теңдестірілді. Дегенмен де, Еуропалық Комиссия (ЕК) Жапония  туралы «жапон қоғамы мен экономикасының ерекшеліктеріне байланысты, бизнес пен инвестицияларды жиі қиындатып отырған ел болып қала береді» дейді. Еуроодақ пен Жапония арасындағы тауар айналымы 2017 жылы €129 млрд. құрады, ал ЕО тарапынан сауда балансының тапшылығы шамамен €8,4 млрд.

ТАСС ақпараттық агенттігінің Жапониядағы өкілдігінің басшысы Василий Головниннің айтуынша бұл салада тікелей шектеулер жоқ, бірақ Жапонияда шетелдік компания үшін үлкен келісімге қол жеткізу қиынның қиыны – шетелдік кәсіпкер кез келген жағдайда бөтен адам деп есептеледі. Мысалы, жапондық Hitachi корпорациясы Ұлыбританияда (ЕО-дан шығу туралы референдумға дейін) жоғары жылдамдықты теміржол құрылысы үшін үлкен тапсырыс алды. Ал осындай жағдайды Жапонияда көзге елестету мүмкін емес. Инвестициялық дауларды реттеу туралы да келіспеушіліктер бар.

Дегенмен де, Токио мен Брюссель бұл келісімге өте риза: олар экономикалық интеграция, баждар мен шектеулерді жою әлемдік экономиканың болашағы деп санайды.

Азия-Тынық мұхиты аймағында Жапония – ЕО альянсының құрылуымен қатар, Азия-Тынық мұхиты аймағында келесі жылдың басында Жапония, Канада және Австралия сияқты 11 елдің қатысуымен өзінің аймақтық экономикалық блогы – Транс Тынықмұхиттық Әріптестік (TTӘ) іске қосылатындығын айта кеткен абзал.

Нұржан Жеңіс

Дерек көзі: ТАСС

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.