100-оқулық аударма жобасы – атауы айтып тұрғандай, бұл жоба кемі 100 жаңа оқулықты қамтиды. Ұлттық аударма бюросы 18 кітаптың жұмысын толық аяқтап, жақында тағы 30 кітапты аударуға кірісіп кетті. Бұл жолы «Өнер тарихы», «Дипломатия», «Стратегиялық менеджмент», «Халықаралық құқық», «Халықаралық бизнес», «Әдебиет теориясы», «Әлем тарихы», «Медиа және журналистика», «Интернет психологиясы» т.б. еңбектер іріктеліп алынды.
«Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», – дей келе, Астанадағы 100-оқулық аударма жобасы алғашқы кітаптарының тұсаукесерінде президент Н.Назарбаев Қазақстан үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына нақты тапсырмалар жүктеді. «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», – деді мемлекет басшысы.