Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтың жары – Қарлығаш Жақиянова Сара Назарбаева туралы естелігімен бөлісті. Ол бұл оқиғаны фейсбукте жариялады.
Қарлығаш Жақиянованың жазбасы:
Бүгінде Сара Алпысқызы туралы түрлі әңгімелер мен пікірлер айтылып жүр. Оның арасында жағымды, жылы лебіздер де бар, кейбірі – теріс сипаттағы, көбіне жолдасына байланысты жазылған. Мен өз тарапымнан бұл адамға деген жеке көзқарасымды жеткізгім келеді.
Бұл 2003 жыл болатын. Мен кезекті рет Құсмұрын түрмесіне, маған ең қымбат жан – саяси көзқарасы үшін сотталып, жазасын өтеп жатқан жұбайымды көруге жолға шықтым. Оны көруге үш айда бір рет қана мүмкіндік берілетін.
Бұл сапар – мен үшін ең қиыны емес еді. Ең ауыр сәт – түрмеге кірер алдындағы тексерулер болатын. Тыйым салынған заттарды іздеу сылтауымен киім шешкізіп, тінтуден өткізу – әр жолы жаныңды жаралап, ар-намысыңа тиетін. Бірақ жолығудың басқа амалы болмағандықтан, бәріне төзуге тура келді. Ал жолдасым үшін ол кезең тіпті қиын еді…
Әуежайға бара жатқан жолда маған қоңырау түсті. Ар жағындағы адам менімен сөйлескісі келетінін айтты. Бұл – ұзақ уақыт байланыс үзілген, бірақ әрдайым жылы қарым-қатынас болған жан еді. Телефон тұтқасында – өзі.
Ол кісі сол қиын сәтте өзі хабарласады деп еш күтпеген едім. Ғалымжан сотталғаннан кейін бізден көпшілігі теріс айналды. Ол үшін де бұл әрекет – тәуекел еді.
– Қалың қалай, Қарлығаш? – деді ол.
Таныс, мейірімді дауысын естігенде жүрегім босап, сөйлеуге шамам келмей қалды. Көкірегіме өксік тығылып, жылап жіберуге шақ қалдым. Ол оны бірден сезіп:
– Жаным, берілме. Сен мықтысың. Мен әрқашан сенің жаныңдамын, – деді.
Әлбетте, бұл телефон тыңдалып жатқан болар. Бірақ сол қысқа ғана әңгіме мен үшін ұзақ әрі шексіздей көрінді. Сол сұмдық жылдың ішінде алғаш рет бойым жеңілдеп, жан дүниемде үміт пен қуаныш пайда болды. Бірнеше ауыз сөз – қаншалықты әсерлі еді…
Көп ұзамай ол тағы хабарласып, менің туған өлкеме – Белухаға, Өскеменге баруды жоспарлап жатқанын айтты. Сол сапарға мені бірге баруға шақырды:
– Бұл сапарға тек ең жақын адамдарымды аламын. Сенің де бізбен бірге болғаныңды қалаймын, – деді.
Неліктен бұлай жасағанын білмеймін. Бәлкім, туған жеріңде күш жинап, бұл қиындықты еңсеруіңе көмектескісі келген болар.
Бұл сапарды ұйымдастыру оңай емес еді. Оның ұшағы мен жанындағы адамдардың бәрі арнайы тексеруден өтетін. Таңданғаным – ол бұл қадамға барды. Өйткені оның жұбайы – Ғалымжанның бас бостандығынан айырылуына тікелей қатысы бар адам. Мұны жасырын істеу мүмкін емес еді, және бұл оған да қауіпті еді. Бірақ ол бәрібір де жасады…
Мен көп ойландым. Қиын сәтте мұндай қолдаудан бас тарту оңай емес еді. Басқа қолдаудың жолы жоқ екенін түсіндім. Ақыры келісімімді бердім.
Біз Өскеменге ұшып барып, ары қарай тікұшақпен Белухаға жеттік. Оны сол жерде жергілікті билік өкілдері қарсы алды. Олардың арасында кезінде жұбайыммен қызметтес болған адамдар да бар екен. Мен оларды бірден таныдым, ал олар мені танымай қалғандай кейіп танытты. Бәлкім, менің әлсіреген түрімнен танымай қалған болар, бәлкім, көрмегендей болғысы келген болар…
Сол сәтте біреу:
– Қарлығаш апай, бұл сіз бе? – деп дауыстады.
Бұл – «Сонар» ансамблінің жетекшісі Ғибрат еді. Ол таңданып, маған қарай жүгіріп келіп, құшағына алды.
Кешке өнерпаздар өнер көрсетті. Соңында Ғибрат микрофон алып, Сара Алпысқызына:
– Құрметті Сара апай, мен қатты толқып тұрмын. Біз ағамыздың (Ғалымжанды айтып отыр) тағдырына қатты алаңдаймыз. Сізге таңғалып отырмын – бар жағдайды біле тұра, біздің Карлығаш апайды осында алып келдіңіз. Сізге үлкен рахмет, бас иеміз, – деді.
Содан кейін ол Сара Алпысқызының сүйікті әні – «Айналайынды» орындады.
Сара апай – мен оны үлкен әріппен жазамын, себебі ол – үлкен әріппен жазылатын Адам – мынадай жауап қайтарды:
– Өмір – керемет әрі күрделі. Онда әртүрлі жағдайлар болады. Бірақ қандай жағдайда болсақ та, біз адам қалуымыз керек. Достықты бағалап, шындықты айыра білуіміз қажет. Бұл өмірде бір-бірімізге қолдау көрсете алмасақ, несіне өмір сүріп жүрміз? – деді.
Сосын өзінің мейірімді, әдемі дауысымен «Жан досым» әнін шырқап берді.
Ол сәттегі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес…
Қымбатты Апай – сізге ең жақын, ең аяулы жаным ретінде алғыс айтамын. Сіз – адамгершілігі биік, ар-намысы таза, мейірімі мол жансыз. Расында да, өмір – күрделі. Бірақ біз сол қиын сәттерде бір-бірімізді қолдап, бағалап, алғыс айта білмесек, адам болудың мәні қайсы? Сіз менің жүрегімде мәңгі қаласыз. Барлығыңыз үшін алғыс айтамын.
Адамгершілігі мықты, ары мен жаны таза апайым менің. Өмірімде болғаныңыз үшін рахмет… Бүгін түсіме кірдіңіз…