Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, журналистер мен депутаттардың, медиахолдинг басшылары мен медиакоммуникация мамандарының қатысуымен «Журналист этикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы этикалық нормаларға байланысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырды.
Аида Балаева өз сөзінде шынайы ақпарат беру мен оқиғаларды объективті жариялау жөніндегі ережелерді сақтау, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі мен кәсіби адалдығы, жеке өмірі мен қадір-қасиетін, қоғамдық мүдделерді, жалпыға ортақ құндылықтар мен мәдениеттердің алуан түрлілігін құрметтеу жаңа әлемдік ақпараттық және коммуникациялық тәртіпті сақтауға және нығайтуға әсер ететінін атап өтті.
«Мойындау керек, бүгінгі журналистиканың мәртебесі оның қоғам және мемлекет алдындағы маңызы мен рөліне сәйкес келмейді. Ақпараттық контент жасап жүргендердің кейбірі этика принциптерін ұстанбайтын және кәсіби білімі жоқ адамдар. Олар резонанс туғызған оқиғаларды жариялауда хайпқа жол беріп, құпия ақпараттарды, жеке сипаттағы материалдарды көпшілік назарына ұсынып жатады. Сондықтан этика тақырыбы заманауи журналистиканың ең күрделі әрі талас туғызатын мәселелерінің бірі», – деп атап өтті Аида Балаева.
Министр гиперақпараттандыру және цифрландыру дәуірінде, оның ішінде кәсіби этиканы сақтау мәселесінде әлемдік дәстүрлі журналистика біраз қиындықтармен бетпе-бет келгенін айтты.
«Цифрлық медианың үстемдік құруы қазіргі журналистикадағы этикалық дағдарыстың себепшісі болды. Цифрлық контентті барлық адам жариялай алады, оның ішінде кәсіби білімі жоқтар да бар. Шекара анық болмаған жағдайда, этикалық принциптерді сақтау, өз қызметің үшін жауап беру өте қиын.
Бұл жағдай жалпы журналистикаға деген сенімнің төмендеуіне әкелетінін байқадық. Өйткені жұртшылық көп жағдайда кәсіби сапалы дайындалған, этикалық тұрғыдан тексерілген ақпарат пен шындыққа жанаспайтын фейктің ара-жігін ажырата алмайды. Қазақстандық қоғамда фактчекинг және верификация сияқты ұғымдарды нығайту маңызды. Себебі журналистердің негізгі кәсіби міндеті – нақты фактілерді хабарлау және оқиғаны еш бұрмаламай жеткізу», – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, министр «дау-жанжалға сезімтал журналистика» мәселесін қозғады, оның басты мақсат – этносаралық қатынастар, кемсіту, харассмент, суицид, зорлық-зомбылық, қылмыс сияқты күрделі және нәзік тақырыптарды, әсіресе балаларға қатысты ақпараттарды мұқият әрі асқан сақтықпен тарату.
Медиа этика саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін министр жоғары оқу орындарында журналистер мен редакторлардың кәсіби этика негіздері мен қағидаттарын оқыту, тренингтер мен семинарлар өткізу жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды.
Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі маңызды құрал болып қала береді. Құжат 2012 жылдан бастап күшіне енді және медиа саланың дамуы мен қоғамның сұраныстарына сәйкес қайта қарауды талап етеді.
Құқық қорғаушы, «AU» онлайн-құқық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова зорлық-зомбылық мәселелерін жариялау кезінде шектеулер енгізу қажет деп санайды.
«Журналистер қызметін кәсіби тұрғыда атқармайды. Оларда талдау, журналистік тергеу жоқ, құқықтық ұғымдар туралы түсінік жоқ, сұхбат берушінің сараптамасы жоқ. БАҚ өкілдерінің көпшілігі зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жариялай отырып, өз жұмысының салдарына жауапсыз қарайды. Менің ойымша, зорлық-зомбылық жағдайларын жариялау кезінде адам құқықтарының бұзылуы жиі кездеседі, осыған байланысты шектеулер болуы керек. Мысалы, басылымдарда жәбірленушінің басынан өткен зорлық-зомбылық оқиғасы, кейбір егжей-тегжейлері анық беріледі. Яғни журналистиканың негізгі принциптері, оқиғаны жариялау әдісі қате болғаннан кейін, зорлық-зомбылық құрбандары қайта жәбірленеді, демек жарияланым салдарын тіпті болжау мүмкін емес.
Ережелерді енгізу, құқықтық тренингтер өткізу, сондай-ақ «Журналистерге арналған құқықтық журналистика» пәнін енгізу қажет болуы мүмкін», – деген ойын бөлісті құқық қорғаушы.
Suleyman Demirel University деканы Мадияр Саудбаев медиасфера кадрларын даярлауға қатысты мәселелерді атап өтті.
Оның айтуынша, оқытушылар құрамының құзыреттілігі, факультеттердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі өткір мәселе.
Гумилев атындағы ЕҰУ деканы Қайрат Сақ журналистердің Әдеп жөніндегі кеңесін құру туралы ұсыныс жасады.
Іс-шара соңында Аида Балаева дөңгелек үстелге қатысушыларға журналистердің этикасы мәселесіндегі белсенді ұстанымдары үшін алғыс білдірді.
«Барлық өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Журналистика этикасының мәселелерін редакциялар мемлекеттің араласуынсыз өздері реттеуі керек екені анық. Өз тарапымыздан бүгінгі алқалы жиында айтылған барлық ұсыныстарды, соның ішінде журналистердің жаңа ҮЕҰ құруы туралы ұсыныстарды қолдауға дайынбыз.
Мен бүгінгі дөңгелек үстелдің тұрақты түрде өтіп тұруын ұсынамын. Менің ойымша, саланың көптеген өзекті мәселелерін осындай кездесу кезінде шеше аламыз», – деп түйіндеді министр.
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024