Мемлекеттік сатып алу порталында Алматы метрополитенінің үшінші желісін салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭО) әзірлеу бойынша хабарландыру жарияланды. Жоба екі негізгі учаскені қамтиды.
Бірінші учаске: «Мизам» базарынан «Сайран» станциясына дейін
Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл учаске «Мизам» базарынан басталып, Солтүстік сақина жолы бойымен Райымбек даңғылына дейін, одан әрі оңтүстік-батысқа қарай Тлендиев көшесіне, кейін Тлендиев бойымен оңтүстікке түсіп, «Сайран» станциясына дейін жалғасады.
Жоспарланған станциялар:
Станция №1 – «Ялян» базары маңында, Солтүстік сақина жолының бойында;
Станция №2 – «Адем» СҮ маңында;
Станция №3 – Райымбек даңғылы мен Тлендиев көшесінің қиылысында;
Станция №4 – Төле би мен Тлендиев қиылысында;
Станция №5 – Абай даңғылы мен Тлендиев қиылысында, бірінші желімен қосылатын ауыспалы торабы бар.
Бұл бағыттың екі жолақты ұзындығы – 8,4 шақырым.
Екінші учаске: Алатау қаласынан «Мизам» базарына дейінгі метро
Екінші бағыт Алатау қаласынан басталып, магистраль А-3 бойымен Бурундай көшесіне дейін, әрі қарай Солтүстік сақина жолы арқылы «Мизам» базарына дейін жалғасады.
Жоспарланған станциялар:
Станция №1 – Gate City маңында, «Северный» көлік хабында;
Станция №2 – Кемел шағынауданы жанында;
Станция №3 – Солтүстік сақина жолы мен Бурундай көшесінің қиылысында;
Станция №4 – Солтүстік сақина жолы мен Сауда өткелі қиылысында;
Станция №5 – әскери бөлімше маңында;
Станция №6 – «Кенжехан» базары жанында;
Станция №7 – «Мизам» базары маңында.
Сонымен қатар, электродепо «Северный» көлік хабының солтүстігінде орналасады. Бұл бағыттың ұзындығы – 13,1 шақырым.
Жобада тағы не қарастырылған?
ТЭО әзірлеушілерге құрылыс базаларының болжамды орналасуын анықтау және жолаушылар ағыны бойынша болжам жасау жүктелген.
Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласы Қалалық мобильділік басқармасы. ТЭО 2026 жылдың 31 мамырына дейін әзірленуі тиіс. Жобалау жұмыстары 2024 жылғы 18 сәуірдегі №2/329 Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес басталған.
Әкімдік не дейді?
Arasha.kz тілшісінің ресми сауалына жауап ретінде Алматы әкімдігі үшінші желі бойынша жұмыстардың шын мәнінде басталғанын растады.
«Қазіргі уақытта Қалалық мобильділік басқармасы «Сайран» станциясынан Алатау қаласына дейінгі үшінші желіге арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша конкурс өткізуде. Инвестиция көлемі, қаржыландыру көздері, техникалық сипаттамалар, станциялар орны мен құрылыс мерзімі ТЭО бекітілген соң белгілі болады», – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Метро әуежайға дейін де жетеді
Бұған дейін Алматы метросының әуежайға дейін салынатыны мәлім болған. Әкімдіктің мәліметінше, жаңа желінің ұзындығы 14 шақырымды құрап, 8 станцияны қамтиды. Ол «Жібек жолы» станциясынан басталып, Гоголь көшесі, Орталық парк, ВОАД бойымен, Құлжа тракты арқылы өтіп, «Восток» көлік торабы арқылы әуежайға дейін жалғасады.
Самал Асқар