Азаматтық қоғам пәрменді болса, мемлекет жылдам дамиды. Бұл жерде азаматтардың белсенділігі ерекше рөл ойнайды. Сонымен бірге, халықтың барын бір мақсатқа біріктіретін қоғамдық ұйым, қоғамдық бірлестіктердің де соңғы жылдары қанатын кеңге жайып, жұмысын жүйелеп, елдік мәселелерді шешуге араласа бастағаны қуантады. Мәселен, жақында балалар лагерлеріндегі қауіпсіздік мәселесі, жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастырып жатқан орындардың жағдайы көпшілік талқысына салынды. Бұл тақырыптың туындауына балалар лагері орналасқан ғимаратта саунаның қатар жұмыс істеуі түрткі болған еді.
Шулы ақпараттан кейін Алматы қаласының қоғамдық кеңесі бірден мәселеге назар аударып, Алматы қаласының білім басқармасымен бірге ауқымды жұмыстар жүргізді.
Әрине, келеңсіз дерек тіркелген лагерь Алматы облысының аумағында орналасқан. Бірақ, ол лагерде демалып жатқандар арасында Алматы қаласының жасөспірімдері де аз емес. Жалпы, бұл жағдайды тек Алматы облысына ғана емес, бүкіл республиканың білім басқармалары, әкімдіктеріне берілген ескерту сигналы десек қателеспейміз. Себебі, қай өңірде болсын, балалардың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы, құқығы басты орында. Бір өңірде орын алған заңсыздықтың екінші аймақта қайталанбасына кепілдік жоқ. Ол үшін заңсыз әрекеттерге дер кезінде мән беріп, кінәлілерді әшкерелеп, одан өзгелердің сабақ алуына ықпал ету керек. Сонда ғана бүгінгі олқылықтың ертең басқа жерде орын алмайтыны анық.
Міне, сондықтан да Алматы қаласының әкімдігі бас болып, Алматы қаласының қоғамдық кеңесімен бірлесіп балалар лагерлеріне жан-жақты рейд жүргізілді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, көпшіліктің наразылығын тудырған балалар лагері Алматы облысының Ұзынағаш ауылында орналасқан. Балалар қауіпсіздігінен гөрі, оңай табыс табудың мүмкіндігі көбірек қызықтырған «БелРичи» компаниясының теріс әрекетін қоғамдық белсенділер әшкерелемегенде заңсыздықтың әлі қаншаға созылары белгісіз. Осы тұрғыдан алғанда облыстағы олқылыққа бірінші болып назар аударып, нақты әрекет жасауда Алматы қаласының әкімдігі көш басында тұрғанын айта кету керек. Әкімдік қоғамдық кеңеспен бірлесіп ең бірінші болып лагерге жетіп, ондағы балаларды үйлеріне тасыған. Сонымен бірге, демалысы үзілген балаларға басқа сапалы лагерлерден орын ұсыну бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Бұл жерде балалардың ешбір залал шекпеуімен бірге, мемлекеттің өзін қорғайтынын, бар жақсыны балаларға ұсынатынын сезіндіру аса маңызды. Алматының әкімдігі бұл үдеден шыға білді.
«Бұл жағдай білім басқармалары, әкімдікке ғана емес, ата-аналарға да үлкен ой салғаны анық. Себебі, ата-аналар ғаламторда әдемі жарнамаланған лагерлерге балаларын жіберіп жатады. Лагерь қандай ғимаратта орналасқан, айналасында қандай мекемелер бар, балаларға берілетін тамақтың сапасы дұрыс па, балаларға кімдер, нені үйретіп жүр деген сауалдарға көп ойлана бермейді. Ұл-қызымен бірге еріп барып, ондағы қауіпсіздік пен жайлылыққа көз жеткізу маңызды. Алайда, оған ата-ананың кейде мүмкіндігі, кейде жұмыс реті сәйкес келе бермеуі мүмкін. Ал мына оқиғадан кейін балалар лагерін таңдағанда жоғарыдағы мәселелерге жан-жақты мән беретіндер көбейеді деп үміттенеміз», – деген қоғамдық белсенді Перизат Асхатқызының сөзі әлеуметтік желідегі азаматтардың да ойынан шықты. Бұған қоса, Алматы қаласының қоғамдық кеңесі мен Алматы қаласының Білім басқармасы да алдағы уақытта лагерлердің қауіпсіздігі мен демалыс сапасына жіті көңіл бөлінетінін алға тартып отыр.
– Балаларға қатысы бар кез келген ақпаратты тексеру, нақты шаралар қабылдау біздің міндетіміз. Мына жағдайдан кейін бірден лагерьге барып, мәліметтің рас-өтірігіне көз жекізген соң, балаларды өз үйлеріне жеткізуді қолға алдық. Қазір лагерде балалар қалған жоқ. Сондай-ақ, балалар демалысын ұйымдастырушы компаниямен келісім бұзылды. Енді оқушыларды басқа жайлы демалыс орындарына жіберу жағын қарастырып жатырмыз, – дейді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Сондай-ақ Жылқыбаева білім басқармасы мен қоғамдық кеңес бірлесіп, осы мәселені түбегейлі реттеу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрғандарын алға тартты. Жұмыс тобына басқарма мен қоғамдық кеңес өкілдерінен бөлек балалар құқығын қорғайтын қоғамдық кеңес мүшелері, ата-аналар тартылды. Осы топ жақында Алматы қаласы мен Алматының маңайындағы балалар лагерьлеріне тұтастай рейд жасап қайтты. Тексеру барысында Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда шартта белгіленген міндеттемелерін сапасыз орындаған «Айсұлу және Т» ЖШС-мен де келісімшартты бұзатынын ескертті.
Рейд барысында балаларға жасалған жағдай, ғимараттың сапасы, демалыс бағдарламасында көрсетілген игіліктердің тәжірибедегі көрінісі, қызмет көрсетуші мамандардың білімі мен білігі толық сүзгіден өтті.
– Алматы қаласында балалардың жазғы демалысын сапалы өткізуге жыл сайын жоғары деңгейде мән беріледі. Әрі біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, тегін және жеңілдікпен демалуына жағдай жасап келеміз. Міне, биыл да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар үш мыңға жуық баланы қала сыртындағы лагерьлерге демалуға жіберу жоспарлаған едік. Енді оларды лагерьлерге орналастырғанда шарттағы барлық қызметтерге көңіл бөлінетін болады, – дейді Білім басқармасының басшысы.
Ал Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі мұндай олқылықтар алдағы уақытта қайталанбауы үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Білім басқармасының бастамасымен жақында журналистер үшін балалар лагерлері бойынша баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Тур барысында халық өкілдері әр лагерьдің жағдайымен танысып, ондағы жұмыс сапасына көз жеткізуге мүмкіндік алды. Сонымен бірге, журналистер демалып жатқан оқушыларды да сөзге тартып, олардың лагерьлерден алған әсерін жұртшылыққа жарыса жеткізді. Осындай кешенді шаралардың арқасында балалар лагеріне қоғамдық бақылау күшейіп, жасөспірімдер демалысының сапалы ұйымдастырылуына негіз қаланары күмәнсіз.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024