Петропавл қаласынан сегіз шақырым жердегі Бескөл ауылы орталық жылу жүйесіне әлі қосылмаған. Көпқабатты үй тұрғындары пеш жағып отырғандарын айтады.
Бескөл ауылында тұратын зейнеткер Татьяна Лоскутова 45 мың теңге (135 доллар) шамасында зейнетақы алады. Ол қыс түсе 250 мың теңгеге (шамамен 750 доллар) көмір мен отын алатынын айтады.
– Жылуды күтіп жүргенімізге үш жыл болды. Жыл сайын уәде береді. Орталыққа жылу жеткізгенімен үйлерге қосқан жоқ. Биыл көмір алмаймыз деп ойладық. Себебі 2017 жылы жылу беріледі, барлығын қосамыз деп уәде берген, – дейді зейнеткер.
Бескөл тұрғындарының басым бөлігі көп қабатты үйдегі пәтерлеріне пеш салып алған. Отын мен көмір сақтайтын жертөле де, шағын қойма да жоқ. Тұрғындар «үйімізді үннемі шаң басып кетеді» деп шағымданады.
– Мектепке жылу берген. Бірақ жылу құбыры жарылған. Бір жылу қазандығының күші бүкіл ауылды жылытуға жетпейді. Үй – көп, қазандық – біреу, – дейді бескөлдік Сергей Рыжиков.
Бескөл ауылы қарайтын Қызылжар аудандық әкімдігі жылу жүйесі тартылғанын хабарлады. Бұл жұмысқа бюджеттен 2012 жылы 650 миллион теңге (шамамен 2 мың доллар), 2014 жылы бір миллиард теңге (30 мың доллар) бөлінген.
– Жылу әр үйдің маңына жеткізілді. Енді әр тұрғын сол желіден жылу элеваторлы түйінін орнатып, жылу тартып алуы керек. Мұны тұрғындар өз қаражаттарына жасатады. Біздің есептеуімізше, әр үйге жылу тарту үшін 100-150 мың теңге қажет, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бақыт Ілиясов.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында үш мыңнан астам үй бар. Олардың сексенге жуығы – көп қабатты баспана.
Азаттық Радиосы
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024