11-10-18 |
2420 рет қаралған
Кемтар жандардың кәсіппен айналысуына кедергі жоқ.
Кемтар жандардың кәсіппен айналысуына кедергі жоқ

Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның қолдауына, көмегіне, қамқорлығына зәру. Біріккен ұлттар ұйымы алға тартқан деректерге сүйенсек, әлемде әртүрлі деңгейдегі кемтар жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жетеді екен. Бұл жер бетіндегі адамдардың 15 пайызында денсаулық кемістігі бар деген сөз. Ал  біздің елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүріп жатыр. Яғни, осынша адам қоғамның қолдауына мұқтаж.

Төрт мүшеміз сау болғандықтан кейде олардың жанын жаралайтын сөз айтып көңілін жасытып жатамыз. Олардың мүддесін елемей құқықтарын аяқасты ететін кездер де аз емес. Ата заңымыздың талабына сүйенсек, Қазақстан азаматы ретінде олар барлық тұрғындармен бірдей әлеуетке ие. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да үстірт қарамайтынын, үнемі бақылауында ұстайтынын ескертіп келеді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады»,– деген Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдары мүгедектердің білім алуына, жұмысқа тұруына да жағдай жасалуда

Бірақ, өзінің құқықғын қорғауға, мүддесін таптатпауға сауаты жеткенмен, жағдайы келе бермейтін кездері көп.

2015 жылы Қазақстан мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенсияны ратификациялағаны мәлім. Соған орай, біздің мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты  халықаралық стандарттарды сақтауымыз шарт. Жалпы, қазақты табиғатынан бауырмал, кеңпейіл халық деп біледі. Тағдырдың талқысына түскендерді жатсынбай бауырына тартқан елімізге өзге ұлт өкілдерінің айтар алғысы шексіз. Сондай дархан халықтың мүмкіндігі шектеулі жандар тағдырына атүсті қарамайтыны тағы белгілі. Бұл біздің заңдарымыздан да анық байқалады. Әсіресе «Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің құқығын қорғауға қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заңның қабылдануымен кемтарларға жасалатын игіліктер көлемі көбейе түсті. Бұған қоса, 2012-2018 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және өмір сапасын жақсартуды көздеген мемлекеттік бағдарламада қамқорлық пен қызмет көрсетудің тәртібі барынша реттелген. Мұның бәрі, түптеп келгенде мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, оларға қолжетімді орта құру, қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу ниетінен туындап отыр.

Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай игі істерден  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да шет қалмайды. Корпорацияның Алматы қаласындағы филиалы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетудің кешенді ша­раларын жүзеге асыруда. Қаладағы барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүгедектердің автокөліктерін ыңғайлы жерге қоюы үшін автотұрақтар, мекеме, ғимараттарға қиналмай кіріп-шығуы үшін пандустар, шақыру қоңыраулары, арнайы қабылдау үстелдері, көрсеткіш жазулар, браиль әріптерімен таныстыру тақталары, жол көрсету жазулары толық қамтамасыз етілген.

Қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Жұмыстың табылғаны мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де тиімді. Себебі, азғантай жәрдемақымен өмір сүру, қажетті дәрі-дәрмекті алу мүмкін емес. Ал өз қабілетіне орай екі қолға бір күрек табу қаржылық жақтан да, айналасымен араласып, қоғамнан өз орнын табу жағынан да пайдалы екені талассыз. Сондықтан, ХҚКО мүгедектерді жұмысқа тартуда қолдан келгенше көмек көрсетуде. Бұған қоса, қызмет алуға келген мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы курстардан өткен (ымдау тілінің аудармашысы) жол көрсетіп,  І және ІІ топтағы мүгедектердің үйіне барып қызмет көрсету ісі бір ізге түсіп келеді.

Мұндай үлкен істерді орталық қызметкерлерінің күшімен ғана орындау қиын. Сондықтан, мүгедектерді жұмысқа тұрғызу бойынша Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен келісімшарт жасалған. Осы келісімшартта көрсетілгендей филиалға мүгедектерді орналастырудың 3 пайыздық квотасын орындау көзделіп отыр. Бұл да кешенді жұмысты қажет етеді. Айталық, бүгінде мүгедек жандарды оқыту, кеңес беру және тестке дайындау жұмыстары жүзеге асырылуда. Жан-жақты жүргізілген жұмыс нәтижесінде қазір филиалда 26 мүмкіндігі шектеулі жан қызмет етеді. Басқа жандарға үлгі болсын, жұмыс істеуге деген ынтасын оятсын деген ниетпен қызметке араласқан кемтар азаматтарды насихаттау маңызды. Сондай өнеге боларлық жанның бірі Жасұлан Үмітқазиев. Бірінші топтағы мүгедектігінің болғанына қарамастан Жасұлан Алматы қаласындағы Әуезов аудандық фронт-офисте 3 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ата-анасы мен туыстарының қолдауының арқасында білімге деген талабын ұштап, «Тұран» колледжінде білім алған Жасұлан бұл жұмысқа бірден қабылдана қойған жоқ. Ол өзінің білімінің барын, жұмысқа деген ынтасының жоғары екенін орталыққа өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезінде-ақ аңғартқан. Клиенттерге сапалы қызмет көрсетіп, жаңаны білуге талпынған жігіт алғашқы кезде-ақ басшылықтың көзіне түсті. Осы алғырлығы оның жұмысқа қабылдануына да түрткі болған. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығының қарбалас жұмысына төселген Жасұлан анықтама бөлімінде жұмыс істейді. Күніне 1000-ға жуық клиентке қызмет көрсететін ол кәсіби тұрғыдан да өсті.

ХҚКО-да екі айлық тәжірибеден өтерде біраз сенімсіздік болған еді. Алайда, мұндағы басшылықтың қолдауының арқасында жұмысқа тез бейімделдім. Әрі осы қадамым менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Бұрын өзім біреуден көмек күтетін едім. Және өмірім солай өтеді деп ойлағам. Ал қазір күніне мыңдаған адамға пайдам тиіп, келген жұмыстары бойынша бағыт беріп отырамын. Бұл жұмыс маған қуаныш сыйлайды, өзімді елімнің толыққанды азаматы сезінуіме мүмкіндік береді. Бірінші мамандығым әлеуметтік қызметкер болса, енді заңгерлік жоғары білім алудамын. Жұмыс істей жүріп, сырттай 4 курста оқып жүрмін. Іс жүзінде барлық мемлекеттік ұйымдардың қызметін көрсетіп отырғандықтан, теория жүзіндегі оқу да оңай болады екен. Оқуды тәжірибемен ұштастырсаң, білімің де нәтижелі. Қазір қызмет алушыларға талон беріп қана қоймай, мемлекеттік қызметтер жайлы кеңес те беріп отырамын, дейді Жасұланның өзі.

Ал Мейіржан Белқожаев фронт-офистің анықтама телефоны мен тұрғын үй мәселелеріне байланысты қызмет түрлеріне жауапты екен. Екінші топтағы мүгедек өзіне берілген жұмысты ұршықша иіріп отыр.

– Бұрын кемтар жандарға деген көзқарас өзгермейтіндей көрінетін. Себебі, көп мекемелер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алудан қашады. Оларды масыл деп қабылдайтын. Ал, орталық менің осы пікірмнің терістігін дәлелдеді. Мүгедектерге деген қоғамның ниеті, ықыласы түзу екенін айғақтады. 2015 жылдан бері осы жерде жұмыс істеп келемін. Мұнда еш кедергісіз орналастым. Жұмыс өте қызықты, өзіме ұнайды. Күнбе-күн қаншама адаммен араласамыз. Жұмысымыз бізден сабырлылықты, адамдардың көңілін таба білетін сыпайылықты талап етеді. Қызмет алушылардың әрбір сұрағына дұрыс жауап беру үшін, көрсетілетін қызметтер туралы толық ақпараттар білуге тиіссің… Бұл сырқатыңды ұмытып, ізденуіңе, біліміңді толықтыруға жол ашады. Тынбай жасаған еңбегіміздің арқасында адамдардың алғысын алып жатамыз. Осының өзі көңілімізді өсіреді, дейді Мейіржан.

Айбарша Сатыбалдықызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.