24-02-24 |
1630 рет қаралған
Мемлекет тірегі – әділетті қоғам .
Мемлекет тірегі – әділетті қоғам 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ демократиялық және құқықтық құндылықтарды ту еткен азаматтық қоғам құруды мақсат етті. Қоғам дамуының негізгі қағидаттарын Ата Заңымыздың алғашқы бабының әуелгі тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бекіте отырып, дала заңы мен ұлтымыздың сан ғасырлық тарихи тәжірибесімен ұштастыра білді. Ата Заңымыз елдің басты саяси және құқықтық құжаты ретінде саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің маңызды тұстарын тұрақтандырып, азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін анықтады. Дамудың даңғылына түскен дербес мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаларының ілгері басуына, әлеуметтік-тұрмыстық, білім және денсаулық саласындағы алғышарттардың қалыптасуына игі ықпал етті.

Тәуелсіздігіміздің тірегі – Ата Заңымыз – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Ата заңымыз ең алғаш 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған болатын. Ал, екінші рет, 2022 жылғы 5 маусымда Президент Қ.Тоқаевтың пәрменімен Қазақстан Конституциясына бүкілхалықтық референдум арқылы бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Халықтың талқысынан өтіп, өркениет қағидаларын басшылыққа ала отырып қабылданған Ата Заң алдымен адамның құқығын қорғауға бағытталды. Елде жүргізілген конституциялық реформалар қоғамдағы демократияны одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру жөніндегі негізгі қоғамдық сұраныстарды қамтыды.

Профессор Индира Әубәкірованың айтуынша, Конституциядағы өзгерістер заңның үстем болуына, барлық салада тәртіп пен әділеттіліктің орнауына бағытталды.

«Біріншіден, Конституция біріктіруші, топтастырушы рөл атқаруы керек. Ал Мемлекет басшысының ниеті – «Жаңа Қазақстанды» бірге құру. Конституцияны жаңарту міндеті де қоғамдағы сенімді арттыру. Осы тұрғыдан алғанда жаңартылған Конституция үш нақты мақсатқа бағытталып отырғанын көреміз. Олар – заңның үстемдігі, демократиялық үдерістерді нығайту және биліктің бөлінісі мен тепе-теңдік тетігін күшейту», -деді профессор. Сарапшылардың айтуынша, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің басталуының және елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуының алғышарты болды. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті бар президенттік республикаға көшті. Еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Нәтижесінде партиялар арасында саяси бәсекенің артып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай қарастылып отыр.

Еліміздің саяси-экономикалық дамуын қалыптастыру мақсатында Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінен бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асатыны белгілі. Ал референдум Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының,  заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды  мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс  беру ретінде айқындалады. Халықтың дауыс беру арқылы жүзеге асатын саяси науқанды  еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырады әрі бақылайды. Сайлау комиссияларының өкілеттіктерінің мерзімі 5 жылды құрайды.

Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Сонымен қатар демократиялық әділ сайлау өткізуге міндетті. ҚР Конституциясының 33-бабына сәйкес еліміздің он сегiз жасқа жеткен азаматтары тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқылы. Азаматтардың еркін әрі әділетті сайлауға қатысуының нәтижесінде еліміздің болашақ бағдары, мақсат-міндеттері айқындалады.

Десек те, дүниежүзінде әбден жетілдіріліген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптаспаған. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзі жаңа сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табады. Сондықтан да «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң үнемі жетілдіріліп, заманауи әлемнің реалийлеріне сәйкес түзетіліп отырады. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісінің жақсарауы, сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениетін қалыптасуы өзекті мәселе саналады. Тиісінше еліміздің сайлау органдарына жүктеліп отырған міндет зор.  Сайлау комиссияларының қатарында міндетті түрде білімді, тәжірибелі, өз қызметін адал атқаратын азаматтар болуы өте қажет. Олардың құрамы жаңартылып тұрғаны да маңызды. Бұл талапты мәслихаттарға сайлау комиссияларының мүшелерін ұсынатын саяси партиялар да, тиісті шешімдерді қабылдайтын мәслихаттар да ескеруге тиіс. Былтыр өткен мәслихаттардың сессияларында өкілеттігі аяқталған сайлау комиссияларының бәрінің құрамы жаңартылды. Соның ішінде учаскелік сайлау комиссияларының 12 344 мүшесі жаңа адамдармен ауыстырылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың 20 аумақтық сайлау комиссиясының құрамы 28 пайызға, аудандық, қалалық сайлау комиссияларының құрамы 31 пайызға жаңартылды,-дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіров. Сондай-ақ қазір Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып жетілдіру мен барынша ашық және тікелей онлайн арқылы көрсетілетін деңгейге көтерілуді мақсат етіп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.