12-02-24 |
6410 рет қаралған
Талдықорғанда петроглиф таңбаларына қауіп төніп тұр.
Талдықорғанда петроглиф таңбаларына қауіп төніп тұр

2024 жылдың 9 ақпанында кешке Талдықорған қаласының маңындағы Қызылтас жотасының аймағында екі өндірістік жарылыс болды. Қала тұрғындары олардың бірін видеоға түсіріп алды. Жарылыс болған жерде Қызылтас жотасы бар. Археологиялық барлау кезінде қола дәуіріне (б.з.б. ІІ мыңжылдық) және түркі дәуіріне жататын көптеген жартас суреттері (петроглифтер) табылды. Олардың ішінде алыптардың ерекше суреттері кездеседі. Сонымен қатар жақын маңда Талдықорған тұрғындарының сүйікті демалыс орны – «Тасбақа» құзға өрмелеу алаңы бар.

Дәл қазір бұл аумақта жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бір ғана компания белгілі – «Темірбетон» ЖШС (АСПМК-519 холдингінің құрамына кіреді). Соңғы бес жылда Темір төбесінде диорит (құрылыс материалы) өндірумен айналысады. Археологиялық барлау бойынша бұл төбеде көне петроглифтердің бар екенін білеміз. Олардың едәуір бөлігі жойылып кетті. Келтірілген шығын көлемін нақты есептеу мүмкін емес: «Темір»  кеңестік дәуірден бері игерілуде. Қоғам белсенділері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, археологиялық және экологиялық сараптама материалдарын, қоғамдық тыңдау хаттамасын және 32 сақ қорғанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебін сұрады. Алайда «Темірбетон» ЖШС мен «Казархеология» ЖШС (археологиялық сараптама жүргізген) археологиялық зерттеулер бойынша халыққа толық есеп беруден бас тартуда.

2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында «Петроглиф ізшілері» ҚҚ мүшелері (2022 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум бойынша әрекет етеді) құрылыстың дәл маңындағы Темір төбесінде бірнеше ондаған петроглифтерді тіркеді. Сондай-ақ петроглифтердің іздері бар шашыраңқы тас сынықтары табылды.

2023 жылдың 1 желтоқсанында Талдықорған қаласы мен Жетісу облысының уәкілетті қызметтері өкілдерінің, қоғам белсенділерінің, «Қазархеология» ЖШС және «Темірбетон» ЖШС-нің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Темір төбесіндегі жұмыстарды тарихи нысандардың құндылығы туралы екінші қорытынды берілгенге дейін тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Әзірлеушілер жартастағы суреттері бар тастарды сақтауға міндеттенді.

Айта кетейік, Жетісу ауданының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы тексеру жүргізіп, диоритті игеру үшін жер телімдерін беруде заң бұзушылықтар туралы хабарлаған.

Қол жеткізілген келісімге қарамастан, 9 ақпан күні кешке Темір шоқысы аймағында тағы да жарылыс тіркелді. «Шенеуніктер бұл аймақтағы археологиялық ескерткіштердің құндылығы жоқ деп санап, табылған жәдігерлерді есепке алудан бас тартуда. Олардың қисыны бойынша, тарихи мұраның бір бөлігі жойылып кеткен болса, қалғанын сақтап қалудың қажеті жоқ», – деп атап өтті Талдықорғандық қоғам қайраткері Динара Бәкірова. Айтуынша, соңғы кездері оған белгісіз біреулер бірнеше рет қоқан-лоқы жасаған. «Кейбір шаруашылық субъектілері мен шенеуніктердің ата-баба мұрасын неліктен жүйелі түрде құртып жатқанын кім түсіндіреді?  Бұл мәңгүрттер қайдан, ата-анасы кім, қандай мектепте оқыған? Мұның бәрі шын мәнінде Мемлекет басшысының шағын Отанында болып жатыр. Талдықорғаннан Үштөбеге дейін киелі жерлер созылып жатқанымен, ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Мұраның бір бөлігі, мысалы, сақ қорғандары құрылыс материалдарының алынуынан әлдеқашан қираған немесе қатты зақымдалған. Зерттеу аяқталмайынша, Қызылтастағы экономикалық белсенділікті тоқтату керек», – деді «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ольга Гумирова.

Жақын арада қоғам белсенділері мен «Петроглиф ізшілері» ҚҚ өкілдері қала және облыс әкімдіктерінің, табиғатты қорғау прокуратурасының және басқа да уәкілетті органдардың өкілдерімен кеңесуді жоспарлап отыр. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.