Тараздағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және мелиорация университетінде жанжал туындады. Оқу орнының шамамен 90 қызметкері Президент пен Ғылым және жоғары білім министріне ұжымдық хат жолдады.
Оқытушылар не талап етіп отыр? Олардың айтуынша, университетте қызметкерлер негізсіз жұмыстан босатылып, жалақы азайтылған. Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар оқытушылардың пікірінсіз емтихан алуға тартылуда. Ал ректор Камшат Түсіпова өз міндетін дұрыс атқармайды – «ештеңе істемейді, үнемі іссапарда жүреді», дейді оқытушылар.

Мұғалімдер ректорды сегіз сағат күткенімен, ол кездеспеген. Кейін университетке Тараз қаласының әкімі келгенімен, жағдайды реттей алмаған.
Бұған дейін студенттер де наразылығын білдірген. Олардың айтуынша, дипломдық жұмыс жазуға небәрі екі ай берілген, ал оқу жоспары бойынша алдымен өндірістік тәжірибеден өтуі тиіс еді.
«Бізге диплом жазу керек пе, әлде практикаға бару керек пе? Тақырыптарымызды да білмейміз», – деп шағымданды студент Диана.