22-02-24 |
5420 рет қаралған
Жастардың 70 пайызы елтаңбадағы символдарды сипаттап бере алмаған – профессор.
Жастардың 70 пайызы елтаңбадағы символдарды сипаттап бере алмаған – профессор

Бүгінгі қоғам жастардың белсенділігі мен ынтасына, елді дамытсақ деген ұстанымына сенім артып отыр.  Жастардың арасында ұлттық болмыс-бітімімізді жақсы түсінетін, дүниетанымы кең, ой-пікірі терең, идеясы ұшқырлары жетерлік. Бүгінгі біз тәрбиелеп, білім беріп отырған ұрпақ – әлем халқының дамуынан толық хабары бар, бірнеше тілді еркін меңгеретін, көптеген саланы қызығушылықпен бақылайтын әмбебап жастар. Ал көп тіл білетін адамның көңіл көкжиегі де кең, көрген, білгені де мол.

Жақында жастар арасында мемлекеттік рәміздерді білуіне байланысты танымдық бір сауалнама жүргізілгенінен хабарым бар. Сонда сауалнамаға жауап берген жастардың 70 пайызы елтаңбадағы көрсетілген символдарды ажырата алмай, оның не үшін тұрғандығын сипаттап бере алмаған. Ейбірі бірнеше елтаңбаның арасынан біздің мемлекеттік таңбамызды тауып бере алмаған. Әуелі елтаңбаның қос қапталында тұрған пырақты «единорошка» деп шатасқандар да бар екен.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірнеше себеп бар.

Біріншіден, жастар көп оқып, көп білуге ұмтылғанымен, өз тарихы мен құндылықтарға назар аудармайды.

Екіншіден, жастар елтаңбадағы символдардың мағынасын, мақсатын дұрыс түсінбейді.

Үшіншіден, жастар өздерін алға жетелейтін, ортақ мақсатқа ұйытатын басқа елтаңбаның болғанын қалайды.

Менің ойымша, мемлекеттік рәміздердегі әр символды жас ұрпақ жадында сақтап, жатқа соғып тұруы қажет. Осы ретте «елтаңбадағы белгілердің не екенін, қандай мағына беретінін ұстаздар айтпайды, түсіндірмейді» деген айыптаумен ешқашан келіспес едім. Өйткені, кез келген ұстаз балаға ең алдымен қазақтың тілі мен заңын, Мемлекет басшысының бағдары мен мемлекеттік рәміздердің маңызын үйретеді. Бұл мектеп бағдарламасындағы бұлжымас ереже.

Ал енді елтаңбадағы символдарға кейбір азаматтардың көңілі  толмауы мүмкін. Себебі, құқықтық, зайырлы мемлекетте әркімнің өз пікірін білдіруіне, ұсынысын айтуына кедергі жоқ. Ендеше, жастардың да елтаңбаны өзгерту туралы ұсынысын сондай қалыпты  көрініс деп қабылдаған жөн. Заман жастардыкі. Егер жастардың қалауына қоғам құлақ түрсе, көп адам қолдау білдірсе, елтаңбаны да көпшілік талабына сай өзгертуге болады деп ойлаймын.

Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті

Дінтану кафедрасының PhD доктор,

қауымдастырылған профессор

Философия ғылымының кандидаты

Бауыржан Ботақараев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.