03-03-19 |
4260 рет қаралған
Қалың «Нұр Отан» қалғып кеткендей ауыр үнсіздікке көшті.
Қалың «Нұр Отан» қалғып кеткендей ауыр үнсіздікке көшті

Ерлан Төлеутай, әнші, сценарист:

– Өткенде «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін «Нұр Отан» партиясының съезіне көрсеттік деп қысқа қайырып қойып едім ғой. Енді сондағы əсерлеріммен бөліспекпін.

 

Көрсетілім Орталық концерт залында өтті. Əуелі фильмді қоюшылар (постановщиктер) мен басты рөлдерді сомдаушы актерлер қызыл кілем үстімен жүріп өту ырымын жасадық. Сонан соң көрсетілім залына өттік. Ұзамай фильм басталды.

Түсірілім кезеңінен бастап, монтаж, дыбыстау т.б кезеңдерінде қайта-қайта көріп, əр кадрын жаттап алған əбден көзқарықты болған фильмім ғой, сондықтан мұнда маған керегі көрерменнің қалай қабылдайтыны болғандықтан, арасында айналаға зер салып отыруды ұмытқан жоқпын.

Алғашында залда абыр-сабыр көп болды. Сонан соң жайлап сыбыр-күбірге ұласты. Көрерменіміз кілең «Нұр Отан» болғандықтан, мұның сыры түсінікті еді. «Нұр Отан» дегенде көз алдымызға бірден шіренген шенеуніктер мен деміккен депутаттар келеді ғой. Расында да бір уақ залды «Нұр Отандықтардың» «нұрлы» аурасы кернеп кеткендей болды.

Сөйтіп фильм басталып кетті. Байқаймын, делегаттардың біразы алғашқыда «Қазақ хандығын» менсініңкіремей отырды. Əсіресе, фильмді «ə» дегеннен-ақ сынаған қасымда отырған бір-екі «нұротандықтың» ауыздарында тыным болмады. «Қазақтар кино түсіре алушы ма еді, түсірген түрлерін қарашы, анау жері бүйтіп қапты, мына жері сүйтіп қапты, одан да бүйтпей ме, сөйтіп түсірмей ме?» Міне, осындай өңшең жалпылама жадағай мен шалағай сындар айтылумен болды, басталмай жатып. Миығымнан күліп мен отырдым…

Біраздан соң бұл екеуі де сап тиылды. Қалың «Нұр Отан» қалғып кеткендей ауыр үнсіздікке көшті. Бір партия басы бүтін бейне бір осыдан 550 жыл болған оқиғалардың ішіне жұтылып кетердей, экранға ентелей түскен. Тіпті кейбір эпизодтардың тұсында дүр етіп шапалақ та ұрып жібере бастады.

Сценарий жазып, диалог құрғанда көрермен мына тұста күрсінеді, мына бір тұста қайғырып, мына тұста көзіне жас алады, ал мына тұста бір уақ күліп алсын деп сюжет желісін саналы түрде жұртшылықтың ыңғайына икемдеп отырасың ғой. Бұл жолы да болжағанымдай болды, тіпті жұрт кей тұстарда тосын қол соғып күткендегімнен де асып түсті десе де болғандай.

Осылайша ұзақтығы екі сағатқа жуық фильм мəресіне жетіп, аяққы титрлер көрініс бере бастағанда кино көрсетіліп жатқан зал қызметкерлері үлкен əдепсіздік жасап, əй-шəй жоқ жарқ-жұрқ еткізіп залдың шамдарын самаладай жарқыратып жібергені. Кезекшілердің бұл келеңсіз əрекетінен көрермен қауым фильмді түсірген шығармашылық топ пен рөлдерде ойнаған қалың актерлердің фильмге еңбегі сіңген басқа да жүздеген əріптестеріміздің аты-жөндерін оқып үлгере алмай қалды.

Фильм соңында үйлесімді музыка аясында жайымен жылжып жататын осынау ұзақ сонар тізімді киношниктер қауымы «Братская могила», қазақша «Бауырластар зираты» деп атайды. Себебі кино – дүние жалғанның өзіндей опасыз өнер: жүздеген адам жұдырықтай жұмылып еңбек еткен фильмде тек режиссердің, сонан соң басты рөлдерді ойнаған актерлердің ғана айы оңынан туады. Алғыс, құрметке, марапатқа, атаққа солар ие болады, даңққа да бөлінетін осылар. Фильм сәтсіз шықса да алдымен таяқ жейтін осы қауым…
Ал қалған түсірілім тобы титрге аты жазылғанына шүкіршілік қылады. Өйткені кəсіби киногерге (сценарист, оператор, суретші, композитор т.б.) титрде аты жазылғанынын өзі жұбаныш яғни оның фильмография қоржынына тағы бір кинода еңбек етті деген фильмнің есім-сойы қосылады.Титрге аты жазылғанына малданып, кинотеатрдан марқайып шыққан байғұс киногер енді қандай киножоба шақырар екен деп алаң көңілмен үйіне қайтады. Бəлкім үйіне кеп, бір жарты ішер… Көп киногердің «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген айтпақшы: «Өмірден (кинодан) алатын үлесі осы ғана.»

Мінеки,, Астанада өткен көрсетілімде зал кезекшілері байғұс киногерлерді «Бауырластар зиратындағы» болмашы үлесінен де қағып тынды. Екі ортада фильмнің продюсері: «Мен бұларға жарықты титрлер өтіп болғанша жақпаңдар дегенмін», – деп шырылдап қалды.

Əсілі «Театр киім ілгіштен басталса», Кино – титрден басталады. Себебі бастапқы жəне аяққы титрлер кез келген фильмнің төлқұжаты. Əсіресе киногерлер қауымы титрге қатты зер салады. Себебі көзі қарақты кəсіби киногер фильмді түсіруге кімдердің үлес қосқанын, кімнің қалай еңбек еткенін осы титрлерге қарап-ақ бірден танып біле қояды.

Естеріңізде болса, Кеңес заманында картинаның аяғындағы «Фильмнің соңы» деген ақырғы жазу шыққанша кинотеатр қызметкерлеріне кинозалдың шамын жағуға рұқсат етілмеуші еді ғой. Тіпті ауылдық жерлердің өзінде бұл талап қатаң сақталатын. Өйткені бұл кинокөрсетілім əдептерінің бірі саналатын, мұның аржағында фильмге, оны түсірушілерге деген титтей де болса құрмет жататын.

Ал қазір ше, еліміздің бас кинозалдарының өзінде бұл талап еш сақталмайды. Экран жүзінде аяққы титрлер басталмай жатып-ақ, əдепсіз кезекшілер жырп еткізіп зал шамдарын жаға салады, көрермен болса, жарық жанған бетте бірден сыртқа лап қояды. Осылайша көрермен қауым көп жағдайда фильмге кімдер түскенінен, кімдер түсіргенінен бейхабар күйінде үйіне қайтып жатады. Айтыңыздаршы ағайын, өстіп те кино көре ме екен?! Бəріміз қосыла жамандайтын сонау Кеңес заманында орнығып қалыптасқан кино көру мəдениеті келмеске кеткені ме осылай?

Бұл аз десеңіз, қазір бұл дерт ел телеарналарына жұғуда. Байқасаңыз, телеарналар да аяққы титрлерді көз ілеспес жылдамдықпен жылп еткізіп өткізіп жіберетін жаман ауруға ұшырапты. Сондағылары аяққы титрдің үлесінен жылтылдаған жарнамаға уақыт ұрлап қалу шығар? Кім білсін? Қалай болған күнде де бұл шетін мəселе: кино өнер мен киногерлердің бетіне түкіргенмен бірдей əбес қылық.

Биылғы қабылданған кино туралы жаңа мизамда фильм титрлері де заңмен қорғалса деп тілек қылып едік. Амал нешік, тілегіміз кино заңды қабылдаушыларға жетпеген тəрізді.

Хош, сонымен аяққы титрлер аяқталмай жатып жарық жанған соң, көрермендер орындарынан тұра бастады. Сонан соң дүрілдете қол соққаны! Тура бір жаудан жылқы қайырғандай сатырлатты. «Нұр Отан» партиясының көптен бері шын көңілмен, риясыз шапалақ ұрғаны осы шығар деп түйдім іштей… Сосын көзімнің астымен бағанағы екі «киносыншыма» қарадым. Манағы партиялық «замашка» мен «сыншылықтың» жұқанасы да қалмапты. Көңіл толқыныстары жүздеріне теуіп, ажарлары осы бір сəтке риза кейіппен алабұртып тұр екен. Біреуінің тіпті жанарына жас келгені байқалады – көздері қызарып кетіпті. Жалғыз бұл екі кісі ғана емес, алыс-жақыннан келген барша делегаттың осы тəріздес толқу сезімін кешіп тұрғаны аңғарылады. Соның айғағындай барлығы орындарынан тұрып дүрілдете қол соқты. Менің көз алдымда «Нұр Отан» бір сəт халықтың өзіне айналып, айдынданып, айбынданып зорайып бара жатты. Сүйсінбеске амалың қалмайды екен…

… Ертеңіне Алматыға қайттым. Мені көлігімен вокзалға шығарып салуға келе жатқан Ахметжан бауырыма тарихи фильмдердің санаға əсерін, кешегі бір көрсетілім үстінде бір сəтте партиядан халыққа айналып үлгерген «Нұр Отан» жайлы əңгімемді жыр қылып айтып бердім. Мұқият тыңдап алған інім: – Дұрыс қой, Ераға, – деді, сонан соң сөзін асықпай сабақтап: – Бірақ олар мұндай əсерден тез айығады, – деді жай ғана.
Мен ойланып қалдым…

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.