Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан премьері Мухаммедкалый Абылгазиев Астананың сол жағалауындағы енді дамып келе жатқан жаңа ауданда орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Елордамызда көшеге ұлы жазушы Ш.Айтматовтың атының берілуі бауырлас елдер – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі. Ш.Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмір жолы қазақ топырағымен тікелей байланысты. Ол өзінің естеліктерінде: «Мен шетке шыққанда әрқашан қастерлеп жүретін екі асылым бар – біріншісі Манас эпосы, екіншісі – Мұхтар Әуезов» деп кездейсоқ жазған жоқ. – Шыңғыс Айтматов – екі елге тең тұлға, бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Бәріміз ұлы қаламгердің шығармашылығын қатар оқып өстік. Бүгінде де өскелең жас ұрпақ Шыңғыс ағамызды сүйіп оқиды. Өйткені оның шығармалары бізге өте жақын. Онда екі туысқан халықтың қилы тағдыры мен терең тамыры жатыр, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Қырғызстан Үкіметінің басшысы М.Абылгазиев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана көшелерінің біріне жазушының есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді. – Шыңғыс Айтматов – қазақ-қырғыз халықтарының ұлттық игілігі. Қазақстанның елордасы көшелерінің біріне жазушы есімінің берілуі – өте қуанышты жағдай. Себебі Астана – Еуразияның басты әрі күн сайын гүлденіп жатқан қалаларының бірі. Барлық қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бауырлас қазақ халқының барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз – деді Мухаммедкалый Абылгазиев. Қазіргі кезде Бішкек қаласында Абай, Ш.Уәлиханов және М.Әуезов атындағы көшелер бар.
Айта кету керек, Ш.Айтматов атындағы көше – (оның бұрынғы атауы – «№199 көше» болған) жалпы маңызы бар магистральды жол. Оның сегіз қозғалыс жолағы бар. Көше 2016 жылы 1,8 шақырым ұзындықта Қорғалжын тас жолынан Е-10 (Сығанақ) көшесіне дейінгі учаскеде салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде көшені Сығанақ көшесінен Ұлы дала көшесіне дейін 3 шақырымға ұзартып салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жол учаскесінде көлік қозғалысы 2019 жылы басталады, ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған. Көше мен оның аумағын дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы елорданың бас сәулетшісінің орынбасары Антон Максимов баяндады. – Шыңғыс Айтматов көшесі – елорданың басты көшелерінің бірі. 2020 жылы іске қосылатын айналма жолдың бір бөлігі болып табылатын көлік магистралі. Сонымен қатар ол Талдыкөл көліндегі «Нұржол» желекжолы білік-өсінің бастауы, оның аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ауданның барлық нысандары жаңа. Қайта жөнделген бір де бір нысан жоқ. Көше бойынша 2 млн шаршы шақырым тұрғын үйге, жүздеген ғимараттарға, мыңдаған пәтерлерге Шыңғыс Айтматовтың есімі жазылады, – деді А.Максимов.
Бұдан өзге, Астананың бас сәулетшісі орынбасарының мәлімдеуінше, Қорғалжын тас жолынан бастап Талдыкөл көлінің бойында, көшенің ұзына бойымен демалыс саябақтары, инфрақұрылым нысандары орналасатын жаңа рекреациялық аймақ құру жоспарланған. – Биыл жобалау жұмыстарын аяқтап, оңтүстік бағытта Ұлы дала көшесіне дейін көшені жалғастырамыз. Ш.Айтматов көшесінің шығыс бөлігіне құрылыс нысандары салынады, ал батыс бөлігі – рекреация аймағы. Онда қалпына келтірілуге, көгалдандыруға, абаттандырылуға тиіс Талдыкөл көлі орналасқан, – дейді А.Максимов.
Шыңғыс Айтматов (1928-2008) – танымал қырғыз жазушысы, мемлекет қайраткері. Еуропа академияларының құрметті академигі, Қырғызстанның және КСРО-ның Жоғары кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланған. Елбасы Н.Назарбаевтың Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты (1993 жылы). Көшенің ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін, қос мемлекеттің үкімет жетекшілері Б.Сағынтаев пен М.Абылгазиев елорданың бірқатар ірі нысандарын аралады. Олар ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу аумағында орналасқан «Нұр әлем» павильоны мен Ақпараттық технологиялар хабы, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасы мен Ұлттық музейіне барды. Қырғызстан премьері Мухаммедкалый Абылгазиев Астанаға «Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің» жетінші отырысына қатысу үшін келді.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын газеті