Өткен аптаның соңында әлеуметтік желіде күйшілік өнерге арналған жаңа кітаптың баспадан басылып шыққаны туралы хабарды оқып қалдық. Мән-жайды анықтай келе бұл «Күйшілер одағының» алғашқы жинағы екенін білдік. «Қазақтың жаңа 100 күйі» деген атаумен жарыққа шыққан жинақ жайында «Күйшілер одағының» төрағасы Рүстем Нұркеновпен тілдескен едік.
– Құтты болсын. «Қазақтың жаңа 100 күйі» жинағының өзге жинақтардан айырмашылығы неде?
– Өздеріңіз білетіндей «Күйшілер одағы» биыл ғана құрылды. 80-жыл бойы «құрылу керек» деп айтылып жүргенімен, құр әңгіме деңгейінен аспады. Сондықтан «сөзден іске» деп күйшілік өнерге жаны ашитын жандар жиналып, «Күйшілер одағын» құрып, ресми тіркеуден өттік. Қазіргі таңда мүшелер саны 50-ден асты. Жаман емес деп есептейміз.
Енді тікелей сұрағыңызға келейін. Бұл жинақтың ерекшелігі соңғы жиырма жылда дүниеге келген күйлер топтастырылды. Яғни, күй аңыздары мен ноталары. Осы салада көптеген жыл жүрген адам ретінде айтайын, дәл бұндай жинақ әлі жарыққа шыққан жоқ.
– Нақтылай отырсаңыз?
– Мысалға, Құрманғазы, Тәттімбет сияқты күйші аталарымыздың жинақтары бірнеше рет шықты. Өте дұрыс. Бірақ күй шығарушылық өнер соныменен тоқталып қалған жоқ қой?! Мүмкіндігі бар азаматтар өз қаражаттарына жеке жинағын шығарып жатады. Кейбірі өңірлік жинақтарға өз күйін енгізіп жатады. Ал «Қазақтың жаңа 100 күйі» алғашқы рет республика көлемін қамтыған жинақ ретінде дүниеге келді.
Мысалға, Алматы мен Астананың күй шығарушы өнерпаздарын айтпағанда, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданынан, Жамбыл облысынан, Атыраудан, Қарағанды облысынан тағы да басқа осы сияқты шалғай өңірлердегі композиторлардың күйлері енді.
– Барлығы қанша композитор? Және толық жүз күй ме?
– Барлығы 32 өнерпаздың күйлері бар. Жас ерекшілігі тіпті қызықты – 1939 жылы туған күйшіден бастап, 1993 жылғы жігіттің күйлеріне дейін. Алғашқы ойымыз толық 100 күй ретінде беру еді. Өкінішке орай, көпшілігі күйлерді жинақтап біту уақытына үлгермей елуден астам күй жинаққа енбей қалды. Мына жинаққа алпыстан астам күй енді. Ішінде шертпесі мен төкпесі, тіпті қобыз күйі мен үш ішекті домбыраға арналған күйлер бар.
– Осыменен жоба аяқталды ма? Жинақтар қайда жіберіледі?
– «Күйшілер одағы» енді жыл сайын бір-бір томнан осындай бір жинақ дайындап отыру ниетіміз бар. Яғни, бұл бірінші том. 2020 жылы екінші том, 2021 жылы үшінші том дегендей кете береді.
Бұл жинақ республика көлеміндегі барлық арнауы орта және жоғары білім беру мекемелерінің кітапханаларына тегін үлестіріледі. Қалған даналары сатуға шығарылады.
– Жинақты баспадан шығаруға мемлекеттік органдардың көмегі тиген шығар.
– Жоқ. Бірде-бір үкіметтік органнан немесе жеке кәсіпкерден бір тиын да алған жоқпыз. Бұл жоба өзіміздің және жинаққа күйлері енген өнерпаздардың тікелей қаржыландыруымен жүзеге асып отыр.
arasha.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024