Кеше Мәскеуде «Крокус Сити Холл» сауда үйінде теракт болып, қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 83 жетті. Наурыз айының басында АҚШ-тың Ресейлегі елшілігі және Британия экстремистер Ресейде теракт жасауы мүмкін екенін ескерткен еді. Бұл ескертуді Путин «қысым жасау», «қоғамда тұрақсыздық орнатуға құлшыныс» деп бағалаған еді. Алайда, АҚШ пен Британияның айтқаны келіп, жазықсыз адамдар қаза тапты. Ендігі сұрақ – Путин бұл терактіні өзінің саяси мақсатына қалай пайдалануы мүмкін? Әзірге Путин терактіге қатысты орыс халқына үндеу жасаған жоқ.
13 наурызда Киселевке берген сұхбатында Путин Украинамен арадағы соғыста тактикалық ядролық қару қолданудың қажеті болмаған айта келіп: «Жаппай қырып-жою қаруын қолданудың не керегі бар? Ондай қажеттілік ешқашан болмаған», – деген еді.
Бірер күн бұрын РФ президентінің баспасөз хатшысы Песков «Аргументыи факты» газетіне берген сұхбатында Украинадағы «арнайы операция» үлкен соғысқа айналғанын айтқан еді.
«Біз соғыс жағдайындамыз. Иә, «арнайы операция» деп басталған нәрсе ұжымдық батыс елдері Украина жағына шыққан соң, бұл бізге соғысқа айналды», – деді ол. Осы уақытқа дейін Кремль Украинадағы соғысты «арнайы операция» деуден танбай келген еді. Енді риторикасы өзгерді. Жалпы Кремльдің саясаты өте құбылмалы екенін баршаға аян нәрсеге айналды.
Жоғарыдағы тізбектерді қарап отырып, оған кешегі терактіні қоссақ, мұның бәрі Путиннің тактикалық ядролық қару қолдануына апарып соқпай ма деген сауалға жетелейді.Осы мәселе жөнінде сарапшы Амангелді Құрметұлының пікірін білген едік.
Амангелді Құрметұлы:
– Путиннің тактикалық ядролық қаруы туралы айтатын әңгімесінің риторикасы көбінде шындап келетін болса, Еуропаға бағытталғанын ескеру керек. Еуропа елдері Ресейдің тактикалық ядролық соққысынан қатты қауіптенеді. Шын мәнінде Америка Құрама Штаттарында да, Ресейде де қанша тактикалық ядролық қару бар екенін ешкім білмейді. Айталық, жүз, жүз елу екі миллиметрлік снарядтар, жүз, екі жүз үш миллиметрлік снарядтар болған. Жуырда да жасалған ядролық снарядтар. Бұндай қару Ресейде де, Америка Құрама Штаттарында да бар. Енді Еуропаның қауіптенетіні -Ресейліктер осындай тактикалық ядролық қаруды пайдаланса не істейміз деп содан сескенеді. Ал енді ірі стратегиялық мақсаттағы ядролық қаруды қолдану туралы айтатындардың көбін іс жүзінде бопсалау, блеф деп бағалауға болады. Өйткені ядролық соғысқа қатысты әскерлер арасында қалыптасқан ереже бойынша, егер біреу ядролық қару қолданатын болса, онда қарсылас қарусыздандыру соққысын жасауға тиісті. Яғни, Ресейден бір зымыран ұшып шығатын болса, Америка Құрама Штаттары да сол зымырандардың ұшып шыққан нысандарын, стратегиялық нысандарды, ядролық қондырғылар орналасқан нысандардың барлығын тас-талқанын шығарып, жойып жіберуге тиісті. Бұл жалпы ядролық қаруға қатысты тұжырымдамада кездесетін дүние.
Енді мынандай мәселе бар. Путин ядролық қару қолданған жағдайда әсіресе стратегиялық мақсаттағы қаруды қолданған жағдайда Америка Құрама Штаттары бірден іске кірісуі мүмкін. Қазір Америка Құрама Штаттарының теңізде жүрген кемі он төрт дана сүңгуір қайықтары бар. Олардың барлығы қазір әскери кезекшілікте жүр. Қайда жүргенін ешкім білмейді. Бұлардың әрқайсысы жиырма төрт данадан зымырандарын алып жүреді. Балтық теңізінен Мурманскіге жақын келіп, Ресейдегі нысандарды атқылап тастау мүмкіндігі бар деген сөз. Немесе Жерорта теңізінен, Қызыл теңізден, Парсы шығанағынан Ресейдегі нысаналарды көздейтін болса, ядролық зымыранның ұшу уақыты аз болады. Одан қорғану мүмкіндігі де соған сәйкес аз болады. Яғни, бұл жерде америкалықтар бұл Путиннің бопсасынан қорықпайды. Ал Еуропа сескенетіні сөзсіз. Қалай болғанда да бір-екі ядролық бомба жарылғанда оның зар табы тұтас Еуропаға жететінін еуропалықтар біледі. Сондықтан біршама сескенеді. Ресейдің гипер дыбыс жылдамдығындағы бірқатар зымырандар туралы сөз бар. Иә, бұлар насихат тұрғысынан, пропаганда тұрғысынан сондай зымыран тасымалдаушылар бар екенін айтып жатыр. Алайда ядролық оқтұмсықтар зымыран тасымалдаушылардан әлдеқайда бөлек болады. Рас, Ресейде алты мыңнан астам оқтұмсық бар екенін білеміз. Оны Америка Құрама Штаттары да мойындайды. Басқасы да мойындайды. Ал енді зымыран тасымалдағышқа келетін болсақ, оған өз басым өте күмәнмен қараймын. Біріншіден, гибердыбысты зымыран тасымалдаушылар. Айталық, Кинжал сәтсіз екенін Украинадағы соғыстан көрдік. Егер басқаларына келетін болсақ, атмосфераға шығатын зымыран тасымалдаушылар зымырандарына назар аударатын болсақ, онда ол ядролық оқтұмсықты алып ұшуы мүмкін. Алайда белгілі бір жерге келген кезде оны нақты бір нысанаға бағыттау қиын болады. Әсіресе атмосфераның қалың қабатына келген кезде оның траекториясы бәрібір белгілі болады. Өйткені оның бағытын ауытқытып, өзгертуге мүмкіндік болмайды. Өйткені зымыранның сырты қатты қызады да, плазмалық қабат пайда болады, оған сигнал өтпейді. Сондықтан сарапшылардың Ресейдің дәл дайын тұрған от қаруы жоқ деп кесіп-пішіп айтуына мен келіспес едім.
Дайын тұрған ядролық оқтұмсықтар болуы мүмкін, алайда оны тасымалдайтын жаңағы гипердыбысты зымыран бар дегенге сенбеймін. Сондықтан бұлар классикалық бұрыннан өздері қолданып келе жатқан Ярыс, Топол тағы басқа зымырандарын пайдалануы мүмкін. Егер де ядролық қару қолданамын дейтін жағдайда.
Ал енді Путин режимі ядролық қаруды қолдануы мүмкін бе дейтінге келетін болсақ, меніңше, Путиннің төңірегіндегі адамдардың арасында ядролық қаруды қолдану керек деген позицияны ұстанатындар бар екені анық. Бірақ оған тосқауыл қойып, олай істеуге болмайды деп кеңес беретіндер де бар сияқты. Менің пайымдауымша, мысалы Дмитрий Медведев ядролық қаруды бір кәдімгі рогатка сияқты ойлайтын сияқты. «Қолданамыз» деп жиі-жиі қоқан-лоққы жасайды. Ал Сергей Нарышкин болса, біршама абайлап сөйлейтінге ұқсайды. Демек, бұндай тұлғалар бәрібір Путинге белгілі мөлшерде ықпал етеді деген сөз. Сол себепті Путин ядролық қаруды қолдана қоймайды. Тікелей өз жауапкершілігімен, әсіресе стратегиялық мақсаттағы қаруды. Ал тактикалық қаруды қолданып қоюы ықтимал. Неге десеңіз, тактикалық қаруларды зеңбіректен атқылауға болады. Орта қашықтықтағы шағын қашықтыққа немесе шағын қанатты зымырандармен атқылауға болатын қару түрлері. Сондықтан оны қолданудың жауапкершілігін белгілі бір қолбасшыларға, белгілі бір басшыларға жүктеп жіберуі мүмкін.
Кезінде мен өз басым былай ойлайтынмын, осындай тактикалық ядролық қарудың бірнеше снарядын Пригожинге беріп, сол арқылы бір-екі рет қолданып жіберуі ықтимал деп. Бірақ Пригожин қаза тапты. Сондықтан енді қолданбайды. Ал енді әскерилер білуге тиісті тактикалық ядролық қару өзі шын мәнінде майдандағы жағдайды өзгертпейді. Жалпы ядролық қару бір елдің стратегиялық нысандарын жойып тұралатуға бағытталғанымен, тіке майдандағы жағдайды өзгертпейді. Өйткені ядролық жарылыс кезінде қалай әрекет етуді білетін сарбаз жарылыс кезінде жер бауырлап жата қалса, противогаз кисе тағы басқа амалдар жасаса, алғашқы толқынынан аман қалады. Ал алғашқы толқынынан аман қалғаннан кейін олар бәрібір соғысын жалғастыра береді. Мейлі ол радиация алып жатқан болар. Бірақ қалай болғанда да соғысын жалғастыра береді. Сондықтан ядролық қару дегеніңіз әдетте ірі мемлекеттердің бір-бірінен стратегиялық нысандарын жоюға бағытталған құралдар. Сондықтан Путин режимі дәл Украинада стратегиялық мақсаттағы ядролық қару қолдана қоймайтын шығар. Ал тактикалық қарудың қолданудың пайдасы жоқ. Егер бір-екі рет тактикалық ядролық қару қолданатын болса, онда жауабы қатаң болуы мүмкін. Әсіресе Америка Құрама Штаттарының жауабы. Мұны Мәскеудегілер білуге тиіс. Сол себепті кемінде 52% пайыз сеніммен Путин тактикалық ядролық қаруды қолданбайды деген көзқарастамын.
Қазіргі соғысты қырғи қабақ соғыс деп атамас едім. Өйткені бұл жерде Ресейдің нақты агрессиясы бар. Соған сәйкес Батыстың бұл агрессияны тоқтатуға бағытталған әрекеті. Иә, Қытай қосылуы мүмкін деп болжайтын шығар. Бірақ меніңше, Қытай қосыла қоймайды. Өйткені Қытайға қазір бірінші кезекте қажет дүние ресурстар. Ол оған мейлінше бейбіт жолмен келсе жақсы. Мейлі ол Ресейден сатып алсын, мейлі Үндістаннан, Ираннан, тағы басқадан сатып алсын, бірақ бейбіт жолмен келгені Қытай үшін тиімді. Сондықтан әлем лагерьге бөліне қойған жоқ.
Жеме-жемге келгенде әлем елдерінің барлығы дерлік Америка Құрама Штаттарының қабағына қарайды. Өйткені халықаралық қаржы нарығында ақшаның әлі күнге 60% пайыздан астамы доллармен сақталады. 20% пайыздайы Еуропамен сақталады. 1-2% пайыздайы юанмен сақталады. Қалғаны басқа валюталар. Демек, бұндай жағдайда Америка Құрама Штаттарының ықпалынан шығамын деу қиын. Ал қазіргі соғыс бірте-бірте Ресейді тәубесіне келтіріп, тұқыртуға бағытталған дүние.
Санкция салынған тауарлар әлі Ресейге кіріп жатқандықтан, бұл мемлекет біршама қарсыласатыны сөзсіз. Екіншіден, Ресейдің қалай болғанда да белгілі мөлшерде ғылыми-техникалық базасы бар. Соны пайдаланады. Дегенмен, ұзақ мерзімді соғысқа ұласатын болса, Ресей белгілі бір келісімге келіп, Украина жерінен шығуға тиіс деген көзқарастамын. Алайда ол кезеңге дейін Батыс өзара ауызбірлік танытып ала ма, Украина төтеп бере ала ма деген мәселе тағы бар. Өйткені шындап келетін болсақ, Батыс мемлекеттерінің ішінде кейде түсініспеушілік болып қалып жатады. Мысалы, Еуропа одағында көп мәселеге Венгрия, Мажарстан тосқауыл қоятынын байқаймыз. Кейде Франция мен Германияның бір мәселелерде келісе алмайтынын көреміз. Сол сияқты Америка Құрама Штаттарының өзінде партиялардың белгілі бір мәселелелерде келіспейтіні көрінеді. Бұл әрине, демократиялық принцип. Дегенмен соғыс жағдайында тым жақсы дүние емес. Өйткені бір шешімді қабылдау үшін жан-жақты ақылдасып, бір пәтуаға келу керек болады. Ал Ресей сияқты елдерде президент тікелей шешім қабылдай алады.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024