Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция компаниялары зерттелді. Бұл елдерде заманауи реакторлар құрастырылып жатыр, технологиялары айтарлықтай жетілдірілген.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков ҚазАқпарат ХАА-ға берген сұқбатында елімізде АЭС құрылысын іске асыру процесіне қатысты ойларын айтты.
Кейінгі кездері Қазақстанда атом электр станциясы құрылысына қатысты мәселе қоғамда қызу талқыға түсті.
Бұл тұрғыда отандық әрі шетел сарапшылары мен мамандарының пікірі де әртүрлі болып жатты. Осы мәселеге нүкте қою үшін биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуға қатысты шешімді халықтың өзі шешуі керек екенін нақтылап берді.
Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, – деді Президент.
Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесі жөнінде өтетін референдумның аспектілерін пысықтауға кірісті. Негізі, референдумның нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз. Президент өз Жолдауында референдум өткізу мерзімі кейінірек белгіленетінін айтқан болатын.
Жолдаудан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов АЭС құрылысына қатысты референдумға дайындық жұмыстары жөнінде түсінік берген еді.
Референдум өтетіні жайында жарияланды. Оны өткізу мерзімі кейінірек мәлім болады. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмыстарға дайын. Яғни, сайлаушылар тізімін құру, аумақтық сайлау комиссияларына қатысты жұмыстар ескерілген. Егер биыл ұйымдастыру туралы шешім жасалса, Орталық сайлау комиссиясы дайын болады, – деді Ш. Өтемісов.
Ал «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков ҚазАқпарат ХАА-ға берген сұқбатында елімізде АЭС құрылысын іске асыру процесіне 10 жылдан астам уақыт керек екенін айтқан.
Жалпы, бізде қуаты 1,2-1,4 мың МВт екі энергоблокты салу ұсынылып отыр. Егер вендорды (АЭС салатын технологияны қамтамасыз ететін компания) 2023 жылы таңдасақ, келер екі жылда (2024-2025 жылдары) жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуы мүмкін. Осының бәрі сараптамадан өтеді. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге де 2 жылдай уақыт керек. Мәселен, 2029 жылы құрылыс жұмыстарын бастасақ, шамамен 2034 жылы бірінші блокты және 2035 жылы екіншісін іске қосу мүмкін болады, – деп түсіндірді маман.
Оның айтуынша, АЭС құрылысын қаржыландыруға түрлі тетіктерді пайдалануға болады. Біраз елдерде осындай нысандарды салу кезінде қаражаттың 20 пайызын мемлекет шығарса, қалған 80 пайызын вендордың өзі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС құрылысын толықтай вендордың есебінен қаржыландыру шартын да қарастыруға болады. Бұл ретте, біраз жылдан соң компания өзінің шығынын ақтағаннан кейін, реакторларды елімізге тапсырады.
Қазір бірқатар қаржыландыру тетіктерін пысықтап жатырмыз. Алдын ала есептеулер бойынша екі реактордың құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалады. Бұдан бөлек, қазір өзінің технологиясымен келе алатын 4 мемлекетті қарастырып жатырмыз. Олардың арасында Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция компаниялары зерттелді. Бұл елдерде заманауи реакторлар құрастырылып жатыр, технологиялары айтарлықтай жетілдірілген. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Дәл қазір нақты бір елдің компаниясы тиімді деп айту қиын, олардың барлығын егжей-тегжейлі зерттеп шығу маңызды. Мұнымен қоса, әр елдің технологиясын біріктіріп іске асыру теория жүзінде әбден мүмкін. Мәселен, бір елдің компаниясынан ядролық жабдықты, екінші мемлекеттен турбинаны, үшінші жақтан автоматиканы алып, АЭС салуға болады. Біздің мекеме осы механизмді де пысықтап жатыр. Атап айтқанда, нақты бір жалғыз компанияны таңдаудың немесе консорциум арқылы іске асырудың тиімділігін жан-жақты зерттеу маңызды, – деді инженер.
Arasha.kz
ФОТО: ria.ru
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024