Түркістан қаласында иіс тиіп қайтыс болған бес адамның денесін отбасының таныстары тапқан. Әйел 27 ақпанда жұмысқа шықпаған соң әріптесі іздей бастайды. Отбасы мүшелері қозғалып жүріп қайтыс болған.
Полицияның хабарлауынша, қайғылы жағдай 26 ақпан кешкі сағат жетілер шамасында болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Аталған жайт туралы хабарлама 27 ақпан күні кешке 18:12-де түсті. 26 ақпан күні кешке дейін Болатова Гүлназ базарда жұмыс істеген. Оның базарда бірге істейтін әріптесі 27-сі күні жұмысқа шықпаған соң іздеп, түсте үйіне баласын жіберген. Баласы үйінде ешкім жоқ деп қайтып келген соң, жұмыстан кейін күйеуін жіберген. Себебі ол жұмысқа келмеген, өздерінің кездесетін жоспары болған екен. Күйеуі үйдің терезесінен іште жарық жанып тұрғанын және әйелдің жатқанын көріп хабарлаған», – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдуғани Сейдуәлиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.
Полицияның болжамына сәйкес, қайғылы жағдай әйел жұмыстан келген соң болды. Отбасы үш бөлмелі үйде тұрған.
«26 ақпанда ұйықтауға үлгермеген. Өйткені шешініп, төсекке де жатпаған. Кешкі уақытта пешті қосып, тамақтанып болған соң қайғылы жағдай болды деп болжап отырмыз. Әрқайсысы әр бөлмеде қимылдап жүріп, осы жағдайға тап болған. Байқамаған. Оқиға шамамен 26 ақпан кешкі сағат жеті-сегіз шамасында болды деп отырмыз. Оның дәл уақытын сараптама анықтайды», – деді Сейдуәлиев.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың айтуынша, отбасы өз меншігіндегі үйде тұрып жатқан. Уақытша үш бөлмелі баспанада тұрған, жанында үлкен үйдің құрылысы жүріп жатыр.
«Қаза болған азаматтардың денесі сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, туыстарына табысталды. Жергеу орнына жеткізу үшін көліктер ұйымдастырылды. Қазір Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жерлеу рәсіміне қатысып жатыр. Зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі», – деді Арман Жетпісбай.
Айтуынша, облыстағы мемлекеттік қызметкерлер отбасыға көмек ретінде бір күндік жалақысын беруге ниет білдіріп отыр.
«Бұл жерде ашық өрт шықпаған, мүлікке зиян келмеген. Бәрі орнында тұр. Сол себепті демеушілер арқылы 7 миллион теңге қаржылай көмек көрсетеміз деп отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға үй ішіндегі пеш себеп болған.
«Төтенше жағдай департаментіне 18:35-те жедел жәрдем бөлімінен хабарлама түсті. Түркістан қаласы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан жеке үйден әйел мен төрт баланың денесі табылды. Жеке тұрғын үй табиғи газбен жабдықталған. Иран пешінің орнатылғаны анықталды. Алғашқы болжам бойынша иісті газбен уланып қайтыс болған», – деді облыстың төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.
Айта кетейік, бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдуғани Сейдуәлиевтің айтуынша, ҚК 292-бабы 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша іс біріңғай тізілімге тіркелді.
«Қазір өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама белгіленді. Пештің талапқа сай немесе сай еместігін анықтау үшін сот-техникалық сараптама жасалады. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Сейдуәлиев.
Айта кетейік, 27 ақпанда Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен төрт баланың мәйіті табылды. 40 жастағы әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болды. Үйде газбен жылытатын жабдық қойылған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу үшін Шымкент қаласына кеткен.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024