03-07-21 |
3260 рет қаралған
Егін қурап кетті: Қазақстанды қуаңшылық жайлады.
Егін қурап кетті: Қазақстанды қуаңшылық жайлады

Қазақстанды қуаңшылық жайлады. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде күн өткен сайын жағдай күрделеніп барады. Себебі гектар-гектар алқапқа егін еккен шаруалар суаруға қажетті су таппай дал болып жатыр. Кесірінен бақша дақылдары егістік басында қурап кетті дейді диқандар. Ал шопандар азғантай малын асырайтын азық жоқ деп ашынады. Әрі жем мен шөптің бағасы айналдырған бір ай ішінде 70 пайызға өсуі жығылғанға жұдырық болып тұр.

Оңтүстік өңірде соңғы он күнде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілді. Күннің ыстығына егістік алқаптары жұтап, қурап кетіп жатыр. Оның үстіне су тапшылығы тағы бар. Мәселен, қазір мен тұрған мына Түркістан облысының Отырар ауылында жағдай тіпті ушыққан. Халық еккен егіндерін суарар тамшы су таппай отырмыз дейді. Бұл туралы Информбюро жаңалықтары хабарлайды.

Айтуларынша, соңғы бірнеше жылда ағын су тапшылығы айқын сезілген. Соның салдарынан диқандардың біразы жүгері мен бақша өнімдерін амалсыз қысқартқан. Ал егілген жоңышқа алқаптары да күнге күйіп тұр. Қазір екі жарым мың халқы бар Қарғалы мен Отырарға су жеткізетін «Ахынбаев» каналында су азайған. Диқандар ауыл ішіне келер арық-атыздардың деңгейі жобалау кезінде қате сызылған. Сондықтан, судың дұрыс ақпауының бір себебі де осыдан дейді. Мамандар 1300 гектарға тиесілі секундына 13 метр куб қажеттілік болса,  қазір су сағатына бар-жоғы 4 кубқа қана жетіп отырғанын айтты. Елдімекенге ағын су Қараспан мен Бадам су қоймаларынан келеді. Олардың бірі Арыс өзененін су алады. Ал Арыстың деңгейі үш есеге азайған дейді. Су мамандары мен жергілікті әкімдік қосымша су көздерін қосып, бірер күнде мәселені уақытша болса да шешеміз деп сендіруде.

Климаты өзге аймақтардан қарағанда құрғақ болып келетін Маңғыстау облысында да биыл жағдай тіптен қиын. Өйткені өңірді бұрын-соңды болмаған құрғақшылық жаз басталмай сезілді. Мәселен, жауын-шашын мөлшерінің нормасы 20 миллиметр болса, биыл 3 миллиметр ғана жауын жауған. Жем-шөптің жоқтығынан малдар көтерем болып, тура алмай жатыр. Ал жергілікті билік жағдай реттеліп келеді дейді.

«Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Қазір уақытша алғашқы 204 миллион бөлінді. Оның 54 миллионына екі апта болды арпа келді. Сосын 150 миллионға шөп сатып алу мәселесі бар. Жылдың аяғына дейін 6 ай бойы Маңғыстау облысына көрші облыстардан шөп тасимыз», – деді Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Павлодарда да шілденің шіліңгір ыстығы басталды. Кешелі бері ауа температурасы 30-34 градусты көрсетіп тұр. Өткен аптада қатты жауған жаңбырдың көмегі болмады. Оны егін алқабындағы қураған шөптерден аңғаруға болады. Ал, жергілікті атқамінерлер былтырғы жылмен салыстырғанда қуаңшылық деңгейін төмендетеміз деп отыр. Себебі, егін алқаптарының басым бөлігі Ертіс өзенін жағалай орналасқандықтан, суару жағынан мәселе туындамайтынына сенімді. Дегенмен шабындық жерлердегі жағдай мәз емес. Мал шаруашылығына сол қиындық тудыруы мүмкін.

Жамбыл облысында да өзен-көлдердегі су деңгейі түсіп, шаруалар қажетті мал азығын жинай алмай қиналып жатыр. Облыста 770 мың гектарға жуық егістік алқабы болса, оның 40 пайызына су жетпей қалуы әбден мүмкін дейді мамандар. Себебі биыл жауан-шашын аз түсіп, күн де күрт ысып кеткен. Сондай-ақ, көрші Қырғызстаннан келетін су да азайған. Яғни, екі ел арасындағы келісімге сәйкес, Шу өзеніне 318 миллион текше метр, ал Талас өзеніне 500 миллион текше метр су берілуі тиіс екен. Бірақ биыл таудағы мұз ерімей, судың мөлшері екі есе төмендеген. Ал шаруалар бұл тығырықтан шығу үшін суды көп қажет етпейтін, шығыны аз дақылдарды егуді ұйғарыпты.

«Бұл жерден 50-60 тоннаның көлемінде жүгері аламыз деген ойымыз бар. Мақсат: кооперативке сүлемдік жүгеріні басып, дайындап, кооператив мүшелеріне төмендеу бағамен сату», – дейді Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымқазы Күниязов. 

Өңірдің мал азығына деген жылдық қажеттілігі 1 миллион 712 мың тоннаны құрайды. Бірақ қазір соның тек 350 мың тоннасы ғана дайын дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері. Ал қуаңшылықтың кесірінен шөп жылдағыдан аз шығып, бағасы да аспандап кеткенін ескерсек, биыл Жамбыл облысында мал басы айтарлықтай азайып кететін секілді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.