Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде өткен «Қазақстан – Ресей: дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасап, сондағы бір сөзінде «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» деген мақалды тіліне тиек етіпті. Елшінің осы сөзі 2003 жылдың жазында Мәскеудегі Брежневтің бұрынғы саяжайында өзім куә болған бір отырысты есіме түсіргені.
Нақтырақ айтсам, сол кездегі мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған депутаттар парламент пен дума достастығы аясында үш күндік іссапармен Мәскеуге барып, сапар соңында дума төрағасы Г.Селезневтің қала шетіндегі мемлекеттік саяжайында кешкілік қонақасы берілген еді. Ол кезде шетелдік іссапармен жаңадан шыға бастаған, барған елді өз бетіңмен қыдырып кетудің қулығын білмейтін сарыауыз тілші едім, кірген-шыққан жерде адасып қалмау үшін ат төбеліндей топ депутатқа желімдей жабысып, журналист атаулыдан (өзгелері қала аралап кеткен-ді) жалғыз өзім қалқайып қалғандықтан, дөкейлер мені жарты жолда Мәскеудің бір бұрышына жалғыз тастап кетудің еш ретін таппағандықтан, арнаулы шақырудағы ресми тізімде жоқ болсам да, дума төрағасы жайған дастарханнан дәм татудың реті бұйырды. Совет көсемі Лениннің жеке аспазының немересі даяшылық қызмет жасаған дастарханда орыс арағы молынан құйылып, «Парламент» темекісі тоқтаусыз шегілді (дума депутаттары «Парламент» тартатындарына мақтанып отырды). Әлбетте, большевиктерден, коммунистерден қалған әдет – тост жарыса айтылды. «Совет Одағын құлатпауға барын салған Н.Назарбаев үшін бәріміз түбіне дейін алып қоялық» деді орыс депутаттары. «Ресейді алға сүйреген аса қадірлі В.Путин үшін» деді қазақ депутаттары.
Оңаша отырыс тез қызды. Құлап қалған Совет Одағын сағынышпен еске алысты, сосын орыстар жағы «сұңғыла президенттерің аман болса, көп кешікпей Қазақстан бұрынғыдай Ресейге қарайды. Біз әрқашан біргеміз!» дегенге дейін барысты. Кейбір қазақ депутаттары бұл тостқа көтеріп те, түбін қалдырмай ішіп те үлгерді. Араларында орнынан өре түрегелген Амангелді Айталы ғана болды. Өзін Астраханның тумасы ретінде таныстырған «оралман» депутат ресейлік әріптестеріне Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін, енді бодандыққа ешқашан түспейтінін түсіндіріп шыққандай болды. Оның бұл сөзіне стакан көтерген, соңына дейін алып қойған ешкім болмады.
Руслан ЕРБОТА
Жас Алашта жарияланған мақаладан үзінді
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024