05-12-18 |
1440 рет қаралған
АҚШ сенаторлары: Хашоггиді өлтіруге ханзада «бұйрық берген»
.
Орталық барлау қызметінің (ЦРУ) директорымен кездесіп шыққан АҚШ сенаторлары оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне «Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның тікелей қатысы барына шәк келтірмейтінін» айтып, корольдікке қатысты шара қабылданатынын уәде етті.

Сенаторлардың ешбірі неге мұнша сенімді екенін айтқан жоқ. Алайда республикашыл сенатор Боб Коркер «алқабилер соты (айғақтарды тыңдаған соң Мұхаммед бин Салманды) жарты сағаттың ішінде айыпты деп таныр еді» деді. Сенатор Линдси Грэм «(Қастандықты) мұрагер Салманның қол астындағы адамдар ұйымдастырғанын көрмеу үшін соқыр болу керек» деді.

Және бір сенатор Ричард Шелби «кінәлілер жазалануы керек, бірақ Салман мен оның қол астындағыларды елден қалайша бөліп аламыз?» деді.     

Қарай отырыңыз: Жамал Хашоггидің тағдыры қайтіп халықаралық дауға айналды?

ЦРУ директорының айыптарын тыңдаған сенаторлар реакциясы мен президент Дональд Трамп пен оның кабинет мүшелерінің реакциясы екі басқа болды. Трамп «журналист өліміне Салманның қатысы бар делінген ЦРУ айғақтары нақты емес» деген.

Сенат қарастырып отырған ықтимал шаралар қатарында Сауд Арабиясы басқаратын коалиция жүргізетін Йемендегі әскери кампанияны қолдауды тоқтату, Эр-Риядқа қару тасымалдауды доғару, Мұхаммед бин Салманға санкция қою, журналист өліміне тақ мұрагерінің қатысы бар деген қарарды мақұлдау сияқты амалдар бар.   

Сенат мұны талқылауды келесі аптада бастауы мүмкін.

Видео: Хашогги өліміне кім кінәлі?

Washington Post газетінің тілшісі Жамал Хашогги қазан айының басында Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында қаза болған. Журналист соңғы жылдары Эр-Риядтың саясатын қатаң сынап жүрген. Түркия мен АҚШ журналистің өліміне Сауд Арабиясының жоғары билігі, оның ішінде тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның қатысы болуы мүмкін деп санайды.

Журналистің денесі әлі табылған жоқ. Сауд Арабиясының билігі Хашоггидің өліміне күдікті 21 адамның ұсталғанын хабарлағанымен, қастандыққа қатысы барын жоққа шығарған. Бұл іс бойынша күдікті 11 адамның ісі сотқа берілді. Сауд Арабиясының прокуроры олардың бесеуіне өлім жазасын сұраған. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.