22-11-18 |
2070 рет қаралған
Алматыда базар басшылары «билік қысым жасап отырғанын» мәлімдеді
.
Алматыда қарашаның 22-сі күні Солтүстік айналма жолында орналасқан «Мизам» базарының басшылығы жергілікті биліктің «бизнеске қысым жасап отырғанына» шағымданды.

Баспасөз мәслихатын өткізген «Мизам» базарының құрылтайшысы Досмұқан Керімбаев пен базардың басқарушы директоры Болат Қожақов қалалық әкімдікке қарайтын бөлімдер «ойдан тауып алған себептер мен өтірік арыз бойынша жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырып жатқанын» мәлімдеді.

Жиында Досмұқан Керімбаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрады. «Сіз әр жолдауыңызда шағын және орта бизнесті дамыту керегін айтасыз. Бірақ мына жақта менің дайын тұрған бизнесімді жөнсіз тексеріп, жала жауып тартып алғалы тұр» деді ол президентке қарата.

Керімбаевтың айтуынша, аумағы сегіз гектар базарда 100-ден аса кәсіпкер жұмыспен қамтылған. «Мизам» бұрынғы қоқыс өңдеу зауытының орнына салынған. Ол бұған дейін 4 гектар жерді сатып алып, 4 гектар жерді жалға алған. Мемлекет базардың төрт гектар жерін «мақсатсыз пайдаланылған» деп қайтарып алғалы отыр.

Базар басшылары Қазақстанда базарларды модернизациялау туралы айтылғанымен, базар нақты қандай стандарттармен салынуы тиіс екені туралы ереже жоғын айтады. Олар «мұндай стандарттар мен ережелер болса, оны сақтайтын едік» деді.

Баспасөз мәслихатына базар басшыларынан өзге Қазақстан сауда өкілдері қауымдастығының басшысы, кәсіпкерлер мен заңгер қатысты. Базар басшылары баспасөз мәслихатына Алматы әкімдігінің өкілдері де шақырылғанымен, жиынға келмегенін айтты.

Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері Алматы қалалық әкімдігі жанындағы ауылшаруашылығы басқармасы «Мизам» базарының иесі «Mizam Operation» серіктестігімен базар жерін пайдалану туралы шартты бұзайын деп жатқаны туралы хабарлаған еді. Әкімдік мәліметінше, ‘Mizam Operation’ серіктестігі жерді жалға пайдалану туралы келісім шарттарын бұзған.

Азаттық Алматы әкімдігіне «Мизам» базарына қатысты мәселені түсіндіруді сұрап хабарласқанымен, әзірге жауап ала алмады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.