arasha.kz

Қазақстанда пластик пакеттерден бас тарту ұсынылды

PIC DAVID CRUMP.TESCO PLASTIC BAGS

Пленарлық отырыста сенатор Сәуле Айтпаева елде пластик пакеттерді өндіруге шектеу қою керек екенін айтып, үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Ол 22 сәуір – Халықаралық Жер күні екенін еске салып, экологияны қорғау мақсатында іс-шаралар атқаруды ұсында.

-Еліміздің жерін пластик нысандардан, құрылыс басқа да қоқыстарынан тазарту бойынша акция өткізуге шақырамын: далаларда, саяжай аумақтарында, авто-темір жол тораптарында. Қалыңдығы 15 микроннан асатын пластик пакеттірді өндіруге, импорттауға және сатуға тыйым салу қажет, – деді сенатор.

Белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембай да өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пластиктен бас тартуды ұсынды.

«Осы пластик жөнінде бұрыннан бері жүрген жерімде айтып жүрмін. Пластиктік қорап, ыдыс-аяқ және басқа түрлеріне тыйым салу керек.
Бұл шарамен еліміздің экологиясы мен туризіміне біз барлық үкімет бағдарламаларынан артық пайда келтіреміз.

Егер шынайы патриот болсаң, пластик қолдануға жоқ де! » деді бизнесмен.

Wikipedia онлайн энциклопедиясының ақпараттарына сүйенсек, 2018 жылғы мәліметтер бойынша, бүкіл әлемде жылына 380 миллион тонна пластика өндіріледі. 1950 жылдан бастап 2018 жылға дейін 6.3 миллиард тонна пластика өндірілді, оның 9%-ы өңделді, ал 12%-ы өртелді. Ал Қазақстанда 28,7 пайызы ғана қайта өңделген және адам өмірінде тұрмыстық шарттарда қайта қолданылады. Пластикалық қалдықтардың көп мөлшері қоршаған ортаға сөзсіз түсіп жатыр және зерттеушілердің болжамы бойынша теңіз құстарының 90%-ының ағзасында пластик бар.

Қоршаған ортаның полиэтилен пакеттерімен ластануына қарсы күресу үшін түрлі шаралар қолданылады және қазірдің өзінде 40-қа жуық ел пластикалық пакеттерді сатуға және(немесе) өндіруге тыйым салу немесе шектеу енгізді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамасы; макулатура, картон және қағаз қалдықтары; құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар; шыны сынықтары; түсті және қара металдар сынықтары; литий, қорғасын-қышқыл батареялары; электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салу енгізіледі.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ қалдықтарын және құрылыс материалдарының қалдықтарын полигондарда көмуге тыйым салынады.

Exit mobile version