13-12-18 |
2260 рет қаралған
Еуропарламент «Солтүстік ағыс-2» жобасын тоқтатуға шақырды.
Еуропарламент «Солтүстік ағыс-2» жобасын тоқтатуға шақырды

Еуропарламент Ресей мен Германия арасына салынатын «Солтүстік ағыc-2» газ құбыры жобасын «саяси келісім» деп, құрылысты тоқтатуға шақырды. Бұл туралы қарарды Еуропарламенттің 433 депутаты қолдап, 105-і қарсы дауыс берді. Отыз депутат қалыс қалды. Құжатта «Ресеймен бірлескен «Солтүстік ағыc-2″ жобасы негізінен Украинадан газ алатын Еуропаның қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп жазылған. Бұл қарар – жобаны тоқтатуға шақырған алғашқы құжат емес.

12 желтоқсанда АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы «Солтүстік ағыс-2» жобасына санкция қоюға үндеп, Еуропа елдерін жобадан бас тартуға шақырған. Бұдан бөлек, АҚШ Конгресі Ресейдің энергетикалық секторына қарсы бағытталған, Еуропаның ресейлік мұнай мен газға тәуелдігін азайтуды көздейтін онға жуық заңнамалық ұсынысты қарап жатыр.

«Солтүстік ағыс-2» құбыры Ресейде өндірілген табиғи газды Украина мен Польша жерінен айналып өтіп, Балтық теңізінің табаны арқылы Батыс Еуропаға жеткізуге арналған.

Құрылыс 2019 жылы аяқталса, Еуропаға жылына 55 миллиард текше метр газ барады деп жоспарланған. Құбырды ресейлік «Газпромға» қарасты компания салып жатыр. Жоба құны тоғыз жарым миллиард еуро.ны құрайды.

Вашингтон мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруға арналған «Солтүстік ағыс-2» құбыр жобасы Батыс Еуропаны Ресейдің табиғи энергия ресурстарына тәуелділігін бұрынғыдан да күшейте түседі деп қауіптенеді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.