25-11-18 |
1670 рет қаралған
Макрон шерушілердің полицияға шабуылын «масқара» деп атады
.
Франция президенті Эммануэль Макрон құқық органдары қызметкерлеріне сенбі күні Париж бен басқа да қалаларда өткен жаппай акциялар кезінде тәртіпті қамтамасыз еткендері үшін алғыс айтып, демонстранттардың полицияға шабуылдарын «масқара» деп атады. «Республикада зорлық-зомбылыққа орын жоқ» деген ол.

Қарашаның 24-і күні Парижде жанармай салығын өсіруге қарсылық акциясы тәртіпсіздіктерге ұласқан. Наразылар полиция өкілдеріне петарда мен тас лақтырып, көшеде баррикадалар орнатып, өрт қойған. Полиция демонстранттарға жас ағызатын газ бен су шашқан.

Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанердің мәліметінше, сенбідегі наразылық акциялары барысында 130-ға жуық адам ұсталған. Министр «тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деп әсіреоңшылдарды айыптаған.

Францияның түрлі қалаларында сенбіде мыңнан аса манифестация өткен. Шеру кезінде «Макрон отставкаға кетсін!» деген талаптар айтылған. Бұл жолғы наразылық акцияларына қатысқандар саны 100 мың адамнан асқан. Өткен аптада олардың саны 250 мыңға жуық болатын. Қарсылық шеруіне әсіреоңшыл және әсіресолшыл аяси күштер белсенді қолдау білдірген.

Билік жанармайға салық мөлшерін көбейту туралы шешімді ауаны ластауға қарсы күрес және көліктің экологиялық таза түрлерін дамыту мақсатында қабылданды деп түсіндіреді. Наразылар жанармай салығын көтеру ең алдымен кедейлер мен орта тап өкілдеріне салмақ салады деп санайды.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.