31-08-21 |
1020 рет қаралған
Қорғаныс министрлігі жарылыс болған қойманы тексеруге комиссия құрды.
Қорғаныс министрлігі жарылыс болған қойманы тексеруге комиссия құрды

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды. 

 

Бұйрықты бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев шығарды.

Министрліктің бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.

«Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады», – делінген министрлік хабарламасында.

Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін бұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын.

Сондай-ақ Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

«Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс», – деді қорғаныс ведомствосының бұрыңғы басшысы.

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.

Еске сала кетсек, 26 тамыз күні 19:00 шамасында Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймасында өрт шыққан болатын. Тілсіз жаудан соң он шақты жарылыс болды. Нәтижесінде 100-ге жуық адам зардап шекті. Оның ішінде 49 ТЖМ қызметкері бар. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 15 адамға жетті.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.