16-11-18 |
1650 рет қаралған
Сот Жұмаев адвокатының кейбір өтінішін қанағаттандырды.
Маңғыстау облыстық соты тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) қозғалысының Тelegram-чатындағы хабарламалары үшін сотталған Абловас Жұмаевтың апелляциялық шағымын қарап жатыр.

Істі Маңғыстау облыстық апелляциялық сот алқасының судьялары Абай Ізбасаров, Сәуле Өмірболатова мен Айжан Молбаева қарап жатыр. Сот отырысын мемлекеттік айыптаушы Есенғали Базарбаев қадағалап отыр.

Апелляциялық процеске италиялық адам құқығын қорғау федерациясының өкілі Назарий Боярский бақылау жасады.

Судья Абай Ізбасаров сотқа куә ретінде шақырылған Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тергеушісі Айдос Қадиевтің Бейнеу ауданына кеткенін, облыстық ҰҚК департаменті қызметкері Ержан Бисеновтың белгісіз себеппен келмегенін хабарлады.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева бұл құқық қорғау орындары қызметкерлерінен жауап алудың маңызды екенін айтып, соттан оларды процеске келтіруді сұрады.

Адвокат соттан Жұмаевтың Тelegram-чаттағы хабарламаларына тәуелсіз сараптама жасаған маманды және ҚДТ қозғалысына қатысты күдікті ретінде үстінен іс қозғалған Жеңіс Бисенғазиевті куәлік етуге шақыруын сұрады. Оның өтінішін Жұмаев та қолдады.

Сот адвокаттың тәуелсіз сарапшы туралы өтінішін ашық қалдырды.

– Маған ҚДТ қозғалысының интернеттегі бағдарламасын смартфоннан ашып көрсетуге мүмкіндік беруді сұраймын. Себебі Жұмаевтың айыпталуына дәлел ретінде қолданылып отырған, оның көлігінен табылған ҚДТ бағдарламасы мен интернеттегі бағдарлама арасында айырмашылық бар. Көліктен табылған бағдарламада алауыздық тудыруға шақыратын сөздер жазылған, – деді Сүндетқалиева.

Судья ҚДТ қозғалысының интернеттегі бағдарламасын телефоннан қарауға келісті.

Келесі сот отырысы 26 қарашада жалғасатын болды.

44 жастағы Абловас Жұмаевты Ақтау қалалық соты 20 қыркүйекте «әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптармен үш жылға түрме жазасын кескен еді. Оның 38 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиеваға да «билікті басып алуға шақырды» және «Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды» деген айыптар тағылып, қыркүйектің 24-інде соты басталған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.