Бұрынғы министр әрі кісі өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаев өзіне тиесілі мүлікті басқа адамдардың атына жазып, үш баласына төленетін алиментті азайтуға тырысқан. Алайда бұл айласы өзіне қарсы жұмыс істеп, сот алимент көлемін қысқартуға рұқсат бермеді, деп жазды Orda.kz.
Назым Қахарманның мүддесін қорғап жүрген адвокат Бибінұр Мұратова бұл жайттың қалай болғанын баяндады.
Оның айтуынша, 2020 жылы Қуандық Бишімбаев пен бұрынғы жары Назым Қахарман арасында үш балаға алимент төлеу туралы келісім жасалған. Алайда бірнеше ай бұрын Бишімбаев сотқа жүгініп, өзінің қаржылық жағдайының нашарлағанын алға тартып, алимент сомасын азайтуды сұраған.
«Нормативтік қаулыға сәйкес, бұл – алимент сомасын өзгертуге себеп болуы мүмкін негіздердің бірі. Бірақ бұл біржақты шешім емес. Сот барысында оның іс жүзінде мүлкі бар екені анықталды. Ол мүліктер бұрынғы қылмыстық ісі кезінде де бар болған», – деді адвокат Мұратова.
Адвокаттың айтуынша, бұл мүліктер үшінші тұлғалардың атына сыйға тарту келісімдері арқылы рәсімделген. Бірақ бұл әрекеттер заң алдында нәтиже бермеді.
«Ол өзінің қаржылық жағдайы өзгерді деп, алиментті бірнеше есе азайтуды сұрады. Дегенмен, сот оның әрекетін алименттік міндеттемелерден жалтару әрекеті деп таныды», – деді адвокат.
Сот Бишімбаевтың талабын қанағаттандырмай, бұрынғы алимент көлемін сақтап қалды. Енді бұрынғы министр үш баласы кәмелет жасқа толғанға дейін сол көлемде төлем жасап отыруға міндетті.