Біз
әлеуметтік
желіде
20-05-25 |
420 рет қаралған
Емші белі ауыратын әйелді балғамен ұрып, омыртқасын сындырған.
Емші белі ауыратын әйелді балғамен ұрып, омыртқасын сындырған

Шымкентте белі ауырған әйел ауруханаға барып, дәрігерге жүгінген. Бірқатар зерттеуден кейін дәрігерлер науқастың омыртқасынан қауіпті ауру тауып, шұғыл түрде операция жасау керектігін айтқан екен. Алайда, операциядан қашқан ол әлеуметтік желі арқылы халық емшісін тауып, дертін соған емдетпек болған.

«Отырар» телеарнасы хабарлағандай, халық емшісі әйелдің омыртқасын балғамен ұра жөнеліп, оны сындырып жіберіпті.

«Бұл науқас әйел ауыр хәлде ауруханаға түсті. Өзінің айтуынша, халық емшісі оны төсекке жатқызып алып, арқасынан балғамен ұра бастаған. Кенет әйел аяғын сезбей қалған. Бізге келгенде бірден зерттеу жүргіздік. Анықталғандай, халық емшісі әйелдің омыртқасын сындырып, жұлынын зақымдаған екен», — дейді Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позылов.

Позыловтың айтуынша, абырой болғанда дәрігерлер әйелді аман-сау емдеп шығарған. Бірақ, халық емшілері жасаған қауіпті тәсілдердің арты жақсылыққа апармайды дейді ол.

«Қазір өзін «халық емшісімін» дейтін кейбір адамдар өте қауіпті емдеу тәсілдерін қолданады. Науқастардың аяғын байлап, белінен ұрады, үстіне шығып алып, секіреді екен, одан қалды мойындарын бұрайды. Бұның бәрі өте қауіпті дүние. Қай жеріңіз ауырса да ең бірінші диагностика жасатқан дұрыс. Ол үшін рентген, МРТ аппараттары бар», — дейді ол.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.