Павлодарда сәбиге сәтсіз «сүндеттеу» (циркумцизия) отасын жасаған хирургқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Павлодар қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауына байланысты А.-ға қатысты (ҚР ҚК 317-бабының 2-бөлігі) қылмыстық іс қаралды», – делінген жұма күні соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
2023 жылғы 23 тамызда хирург А. сүндеттеу отасын жасау барысында абайсызда баланың денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Айыптаушы прокурор А.-ны бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші баланың заңды өкілі мен өкілі барынша қатаң жаза тағайындауды талап етті.
А. өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.
Сот шешімімен А.-ға бір жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау орнатылды, бірқатар міндеттер жүктеліп, мәжбүрлі еңбекке тарту қарастырылды.
Сондай-ақ, А. бір жыл мерзімге хирург ретінде медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды.