Біз
әлеуметтік
желіде
23-05-25 |
110 рет қаралған
Түркістан облысында ұсталған әйелді зорлаған полицей сотталды.
Түркістан облысында ұсталған әйелді зорлаған полицей сотталды

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысында ұсталған әйелді зорлады деген айыппен полицей сотталды.

«2025 жылғы 8 мамырдағы сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Адвокаттың апелляциялық шағым беруіне байланысты үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, Түркістан облысының Сарыағаш аудандық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде жасалған зорлау дерегі бойынша М. есімді полицейге қатысты қылмыстық іс қаралған.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы – полиция қызметкері 2024 жылғы 17 қыркүйек күні кешкі уақытта Сарыағаш аудандық уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған Ж. есімді әйелді зорлаған. Қылмыс бейнебақылау орнатылмаған бөлмеде жасалған.

Сот барысында жәбірленуші жыныстық қатынас өзара келісіммен болғанын, ал арызды жүктілік кезіндегі күйзеліс жағдайында жазғанын мәлімдеген.

«Айыпталушы өзін ақтауды сұрап, жақындық өзара келісіммен болғанын, алайда ол қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып жүзеге асқанын айтты. Қорғаушы да айыпталушының ұстанымын қолдады», – делінген хабарламада.

Сот айыпталушының кінәсі сот-биологиялық сараптама, ультрадыбыстық зерттеу қорытындылары, жәбірленушінің тергеу кезінде берген айғақтары, беттестіру хаттамалары және өзге де қылмыстық іс материалдары арқылы дәлелденгенін хабарлады.

Сот үкімінде айыпталушының отбасылық жағдайы мен жәбірленушімен татуласуы жеңілдететін мән-жай ретінде, ал құқық қорғау органының антына қайшы әрекет етуі – ауырлататын мән-жай ретінде ескерілген.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.