30-10-20 |
680 рет қаралған
“Мүмкіндігі шектеулі адам өзгелерден ерекше болмауы керек“.
“Мүмкіндігі шектеулі адам өзгелерден ерекше болмауы керек“

 

Құралай Байменова, Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтар одағының  төрайымы:

Құралай Байменова
Құралай Байменова

 

– Бүгінде Ақтөбе облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады.Оның 4 мыңға жуығы–балалар. Қамкөңіл жандар қоғамның өздерін қорлағанын емес, қайта қолдап, қамқорлық көрсеткенін қалайды. Өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен 20-дан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Солардың бірі-Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтар одағының төрайымы Құралай Байменова. Осыдан 20 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіріп, жергілікті билікке, Үкіметке олардың ортақ ұсынысын жеткізген Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменовамен жігері жасымаған, тағдырлы жандардың жай-күйі жөнінде тілдесіп қайтқан едік.

– Құралай Базарбайқызы, 20 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасап жүрген жансыз. Осы уақыт аралығында біраз жұмыс істелді. Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты тұрғын үй салынып, инватакси іске қосылды. Талапқа сай пандустар салынып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шипажайларда ем алуына жағдай жасалды. Қазіргі қоғамда мүгедектерге деген көзқарас өзгерді. Оларға көпшілігі құрметпен қарайды. Дегенмен олардың құқығы қаншалықты қорғалған?

– Біздің қоғамда 1,5 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда бұл тек осынша адамға көмек, қолдау көрсетіледі деген сөз емес. Қазір шектеу шараларына, пандемияға қарамастан орталыққа көмек сұрап, хабарласатындардың қатары көп. Бізде қоғамдық қабылдау бар. Соңғы 5 жылда “құқығым бұзылды” деп арыз айтып, шағымданғандар болған емес. Тек жұмыс барысында “Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Кезекте көп тұрдым, анықтаманы ала алмадым” деп шағым айтатындар бар. Алайда мен мұны мүгедектердің құқығын бұзу деп есептемеймін. Бұл сол сәттегі Халыққа қызмет көрсету орталығы маманының сапасыз жұмысы ғана. Жақында бір қыз баланы квотамен емделуге жібердім. Бір ай бойы дәрігер оның құжаттарын рәсімдеп, порталға қоя алмаған. Әрі итеріп, бері жыққан. Тек әкесі хабарласып, бізге шағым айтқаннан кейін ғана бұл мәселе шешімін тапты. Мүмкіндігі шектеулі адам бір ай уақытын жоғалтты. Бір сөзбен айтқанда, медициналық көмек алу құқығы бұзылды. Бірақ мұны үкімет жасап отырған жоқ қой. Жеке адамның, дәрігердің тарапынан жіберілген кемшілік.

Кейде мүмкіндігі шектеулі азаматтар ауруханаға барады, кезексіз өткізбей жатады. Кейбіреулері жеке көмекші берілмегенін айтады. Заң бойынша, ол тек жұмыс істейтіндерге, оқитындарға, белсенді өмір сүретіндерге ғана қарастырылған. Көбісі оны түсінбей, жеке көмекші талап етеді. Ал төсек тартып жатқан адамдарға туыстары күтім жасайды. Инсульт, инфаркт алған  адамдарға да туысқандары көмектеседі. Бірақ күтім үшін оларға ешқандай ақы төленбейді. Былтырдан бастап тек бала кезінен бірінші топтағы мүгедектеріне күтімді жүзеге асыратын адамдарға жәрдемақы төлене бастады. Көбісі осыны түсінбей жатады. Демалыс күндері, жұмыс уақытынан кейін жеке көмекші беруін талап етеді. Бұл құқықтың бұзылғаны емес. Тек  заңнамаға толықтырулар енгізу қажет.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі қоғамға белсене араласады. Кейбірі мәдени шараларға барса, енді бірі спортпен шұғылданады. Бірі оқиды, жұмыс істейді. Облыста оларды тасымалдауға арналған инватакси қаншалықты жеткілікті?

– Қазір өңірде 10 инватакси жүріп жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз. Ақтөбе қаласының өзінде 11 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бірінің көзі көрмейді, енді бірі нашар естиді. Олардың арасында сал ауруына шалдыққандар, психикалық дамуы шектелгендер, жалпы аурулары бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Бірақ олардың барлығы бірдей инватаксиге мұқтаж емес. Арбаға таңылып, өздігінен жүре алмайтын 1 топтағы мүгедектер ғана зәру. Кейде олар хабарласқанда, көлік болмай қалады. Мүгедектер “менің құқығым бұзылып жатыр, мен бара алмай жатырмын” деуі мүмкін. Алайда біз олардың құқығын бұзып отырған жоқпыз. Бар болғаны автокөлік паркі жеткіліксіз. Бұл екеуінің арасында өте үлкен айырмашылық бар.

Мүгедектерге әлеуметтік және қоғамдық орындардың бәрі бірдей қолжетімді емес. Мәселен, сал ауруына шалдыққан адам пойызға отырғысы келді делік. Алайда, мен пероннан әрі қарай шыға алмаймын. Ол үшін вокзалды қайта салу керек. Ресейде мүмкіндігі шектеулі адамдарға осындай жағдай жасалған. Әр ғимаратта, әр мекемеде көру, есту қабілеті төмен адамдарға  екі тілде бағыт-бағдар беретін тақтайшалар болуы қажет. Олар екі тілде болғаны жөн. Сол арқылы олар қандай қызмет алуы керектігін, қайда баратынын біледі. Көбіне мұндай тақтайша медициналық мекемелерде ғана бар. Басқа жерде бұл талап сақталмайды.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар да көп. Ақтөбеде дене мүмкіндігі шектеулі мүгедектерге арналған спорт клубының құрылғанына 5 жылдан асты. Алайда әлі күнге дейін өз ғимараты жоқ. Алдағы уақытта ашылады деген үмітіміз бар. Бір ғана мысал, мен тұратын үй көпқабатты ескі үйлердің бірі. Ол салынған кезде пандус қарастырылмаған. Мен құқығым бұзылып жатыр деп айта алмаймын. Бұл жерде пәтер иелері кооперативі жұмыс істеуі керек. Сондықтан мүгедектерге қолайлы жағдай жасауда әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар жетерлік.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде біраз нәрсе өзгерді. Осыдан 20 жыл бұрын орталықтың жұмысын бастағанда жұрт пандусты, оның неге керек екенін білмейтін. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған балаларға мемлекеттен жөргек те, оларды күтіп-баққаны үшін аналарына жәрдемақы да берілмейтін. Қазір барлығы анағұрлым жақсарды. Бір айта кетерлігі, Ақтөбеде зағип балаларға арналған білім беру орталығы жоқ. Ересектер өздері жиналып, сырнай тартады. Қоғамдық жұмысқа араласып, өздерін-өздері тұлға ретінде дамытады. Келесі жылы Ақтөбеде мүгедектерге арналған сауықтыру орталығының құрылысы басталмақ. Спорт кешені салынбақ. Жылма-жыл жағдай жасалып жатыр. Оны көрмеуге болмайды. Бірақ кемшіліктер де бар.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі қаншалықты өзекті болып отыр?  

– Әрбір мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істегісі келеді, қосымша табыс тапқысы келеді. Алайда олардың барлығы бірдей жұмыс істей алмайды. Себебі денсаулығы жарамсыз.Қолынан келгенмен, сағаттап қызмет етуге жағдайы келмейді. Осы 20 жылдың ішінде талай адамға орталықта жұмыс істеуге ұсыныс жасадық. Өйткені ең төменгі жалақы бар, мемлекеттік тапсырыс та бар. Қазір бізде 30 адам жұмыс істейді. Кез-келген адам жұмыс істей алмайды. Өйткені,бұл-еңбек.Таңертең тұруың керек. Күн сайын адамдармен, құжаттармен жұмыс істеуің керек. Бұл дені сау адамның өзіне қиын. Қазір мен “зауытқа жұмыс істеуге 3 пайыздық квота беріңдер” деп байбалам салуыма болады. Бірақ онсыз да денсаулығы жоқ адамның өндірісте жарақат алмасына кім кепіл?! Мұның шешімі қандай?! Қазір қор тарапынан ұсыныс айтып келеміз. Заң бойынша, мүгедектерге жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайызы мөлшерінде квота қарастырылған. Жұмыс беруші мүгедектерге төленетін еңбекақыны қорға аударып, кейін тек мүгедектерге арналған цехтар салынуы қажет. Мұндай пилоттық жобаны Ақтөбеде де жүзеге асыруға болады. Өйткені шет елдердің тәжірибесінде мүгедектерге арнайы ашылған жұмыс орындары бар. Әріптесіміздің бірі таяуда Америкаға барып қайтты.  Ол жерде “Тәуелсіз өмір орталығы”деген бар екен. Ментальды ауытқушылығы бар адамдарға арнайы екі қабатты үлкен ғимарат салынған екен. Сонда мыңнан астам адам жұмыс істейтін көрінеді. Ментальды ауытқушылығы бар адамдардың бір бөлігі түрлі бөлшектерді қорапқа салып, жинайды. Енді бірі кеңселерден шыққан керексіз құжаттарды арнайы құралдың көмегімен кесіп, жоюға жібереді. Осы жұмысы үшін олар аптасына 15 доллар алады екен. Кеңселермен арнайы келісімшарт та жасалған. Ал Қытайда  мүмкіндігі шектеулі адамдар арнайы құбырды үріп, әйнек құты шығарады. Ол бұйымды кейіннен бояп, түрлі мақсатқа қолданады. Израйлде аутизммен ауыратын адамдар керексіз компьютерлерді бөлшектеп, бағалы металдарды бөлек-бөлек жинайды. Оның қажеттісін зауыттарға әкетсе, керексізін жоятын көрінеді. Яғни, шетелдік тәжірибеде әр мүгедекке мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп, табыс табуына жағдай жасалып отыр. Мұндай жобаны Ақтөбеде де жүзеге асыруға болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Ж.Сәбит, Ақтөбе қаласы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.