Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльдегі кездесуіне қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Dalanews.kz.
Министр бұл кездесудің нақты мән-жайынан хабарсыз екенін айтып, пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен ол бұл кездесуді Назарбаевтың өзі бастамалаған болуы мүмкін екенін болжады.
«Мен білмейтін нәрсеге пікір білдіруді әдетке айналдырмағанмын. Бұл кездесуді, шамасы, Тұңғыш президенттің өзі бастама еткен шығар. Әрине, Путиннің баспасөз қызметі бұл видеоны жариялады. Қазір бұл туралы нақты пікір айту қиын. Бірақ мен келісемін – мұндай мәселелермен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Бұл өз алдына жеке жұмыс блогы болуы тиіс», – деді министр.
Журналистер одан мұндай кездесулер Тоқаевқа қысым көрсету құралы емес пе деп нақтылауды сұрады. Бұған жауап ретінде Балаева:
«Бұл жайлы ойланбаппын, шынымды айтсам. Қазір сұрағыңызбен мені тығырыққа тіреп тұрсыздар. Бұрын-соңды бұл жағын қарастырмаған екенмін», – деп жауап берді.
Еске салайық, күні кеше Назарбаев Мәскеуде Путинмен кездесті. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
«Бүгін Ресей президенті Кремльде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті», – деді Песков.
Кездесудің нақты қандай мәселе бойынша өткені әзірге хабарланған жоқ.