Әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында президент көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы керек екенін айтты.
«Көмекке аса мұқтаж табысы аз азаматтар, көпбалалы отбасылар биылғы 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмекті алуы тиіс. Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан, мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент мемлекеттік органдар басшылары мен облыс әкімдерінің жұмысын бағалау азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы деңгейіне тікелей байланысты болатынын атап өтті.