Экс-президент Назарбаев пен Кремль көсемінің аяқасты кездесуі тегін болмай шықты. Экономист Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, Ресей осы арқылы Қазақстанға «Росатомды» тықпалап отыр. Әбішұлы Кремль үшін Тоқаев билігіне ықпал етудің кезекті рычағы ғана деп хабарлады Ertenmedia.
«Мәскеу қазір Ақордаға қысым көрсетіп жатыр.
Алдағы бір-екі аптада Қазақстан АЭС салатын компанияны таңдап, түпкілікті шешім қабылдауы тиіс. Әуелде жобаның басты үміткері «Росатом» болатын. Бірақ оның қаржылық жағдайы мүшкіл.
Қалт-құлт етіп отыр. Тоқаев бұл жобаға БЖЗҚ-ның немесе Ұлттық қордың бір тиынын да жұмсамайтынын бірнеше рет кесіп айтқан», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Оның атап өткеніндей, Ресей бұған дейін еліміздегі үш көмір станциясын салуға қаржы құюы тиіс болған, арада екі жыл өтсе де, әлі нәтиже жоқ.
«Осы жоба үшін арнайы үкіметаралық келісім де әзірленген. Сол уағда бойынша, Ресей Қазақстанға жеңілдікпен несие ұсынуы, ал Қазақстан бұл несиеге Ресейден қажетті жабдық мен қондырғыларды сатып алуы тиіс еді. Бұл жоба да қаржы тапшылығына байланысты тұралап қалды», – дейді сарапшы.
Жұмағұлов сондай-ақ Екібастұздағы ГРЭС-3 станциясын кеңейту жобасына да Ресей қатысуға тиіс болғанын еске салды. Алайда қазақстандық тарап ашық тендер жариялағанда, ресейлік компаниялар нақты ұсыныс бере алмаған.
«Қазақстанның қазіргі позициясы Кремльге ұнамай отыр.
Әйтпесе, бейсенбі күні Путиннің түн ішінде Тоқаевқа телефон соғып, сенбі күні таңертең Ресей министрінің Қазақстан президентімен кездесуі қалайша кездейсоқ болсын?! Маған салса, Тоқаев министрді мүлде қабылдамауы керек еді.
Біріншіден, президенттің деңгейі емес, екіншіден, бұл демалыс күні еді», – дейді Жұмағұлов.
Оның пайымдауынша, ақыр соңында Ақорда АЭС салуды ресейліктерге емес, Қытай компанияларына сеніп тапсыруы мүмкін.
«Росатомның» ұсынысы арзан болар, бірақ санкцияларға байланысты оның келешегі күмәнді. Қазақстан санкция қаупінен сақтанып, бұл жобаны Қытайға беруі ықтимал», – деп қорытындылады сарапшы.