Біз
әлеуметтік
желіде
30-05-25 |
730 рет қаралған
Тоқаев: Қазақстан әлемдік тұрақтылық пен әділетті тәртіп орнатуға үлес қосуға дайын.
Тоқаев: Қазақстан әлемдік тұрақтылық пен әділетті тәртіп орнатуға үлес қосуға дайын

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына эксклюзив сұхбат беріп, халықаралық тәртіп, БҰҰ реформасы, сыртқы саясат, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық даму жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Мемлекет басшысы орта державалардың қазіргі әлемдегі рөлін арттыру қажет екенін атап өтті.

«Орта державалар жаһандық бейбітшілікке үлес қоса алады»

Al Jazeera тілшісі Тоқаевқа: «Астана халықаралық форумы Қазақстанның орта державалар көпжақты жүйені қолдауы керек деп есептейтінін білдіре ме?» – деген сауал қойды. Бұған жауап ретінде Президент:
— Әлбетте. Жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде орта державалар үлкен рөл атқаруы тиіс екеніне және мультилатерализмнің маңызына анық сенемін, — деді.

БҰҰ реформасы және Қауіпсіздік Кеңесінің дағдарысы

Сұхбат барысында журналист: «Кейде ұлы державалар мультилатерализм жүйесін бұзуы мүмкін деп санайсыз ба?» – деп сұрады. Президент бұл оймен келісетінін айтып, қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің дағдарысқа ұшырағанын, халықаралық проблемаларды шешуге ниет танытпай отырғанын жеткізді.

Ол БҰҰ реформасы қажет екенін айтты:
— Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту керек. Дамушы мемлекеттер, соның ішінде Азия мен Африка елдері, сондай-ақ Жапония, Германия сынды ірі державалар оның жұмысына араласуы тиіс. Бұл — әділетті қадам болады, — деді Тоқаев.

«Қазақстан реформалар жолында сенімді алға басып келеді»

Журналист Президенттен: «Сіздің реформалар бағдарламасын жария еткеніңізге үш жыл болды. Жаңа Қазақстанға жете алдыңыздар ма?» – деп сұрады.

Президент бұл жолда сенімді түрде ілгерілеп келе жатқанын, әлемдік қиындықтарға қарамастан, реформалар жалғасып жатқанын айтты:
— Біз әділ әрі нақты іске ұмтылып отырмыз. Барлық жағынан батыл қимылдап, табандылықпен әрекет ету қажет, — деді ол.

Сыртқы саясат пен көлік дәліздері

Тілші: «Қазақстан қандай да бір шетелдік серіктестермен қатынасын қайта қарап жатыр ма? Орта дәліз жобасын жандандыру – тым тәуелді болмау шарасы ма?» – деп сұрады.

Президент Қазақстан сыртқы саясатта реформалар жасамайтынын, өйткені ол — тұрақты бағыт екенін айтып өтті. Сонымен қатар Орта дәліз секілді көлік бағыттарының маңызын арттыруға мүдделі екенін жеткізді:
— Транскаспий бағдары және Баку–Жейхан бағыты да біз үшін маңызды. Бірақ КҚК құбыры әлі де негізгі бағыт ретінде қала береді, — деді Тоқаев.

Украинадағы соғыс пен мұнай тасымалы

«Сізді Украинадағы соғыстың ықпалы және КҚК арқылы мұнай жеткізу алаңдатпай ма?» деген сұраққа Президент:
— Әрине, біз жағдайды назарда ұстаймыз. Бірақ Ресей – стратегиялық серіктесіміз. Біз балама бағыттарды дамытуға тырысамыз, алайда КҚК-ның маңызы жоғары болып қала береді, — деп жауап берді.

ІТ саласы мен цифрлық даму

Al Jazeera тілшісі: «Қазақстан ІТ саласында жетістіктерге жетті, бірақ әлі де бюрократиялық кедергілер мен маман тапшылығы бар. Бұл қалай шешіледі?» – деп сұрады.

Тоқаев бұл мәселелер күн тәртібінде тұрғанын, бірақ мемлекет бұл бағытта айтарлықтай табысқа жеткенін айтты:
— Цифрландыру – біздің басты басымдығымыз. Арманым – Қазақстанның толыққанды цифрлы елге айналуы, — деді ол.

Көмірсутегінен арылу және «жасыл» экономика

«2029 жылға қарай Қазақстан экспортының негізін көмірсутегі емес сектор құрай ала ма?» деген сауалға Мемлекет басшысы:
— Бұл оңай емес. Қазіргі таңда көмірсутегі басым. Дегенмен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету – нақты және қолжетімді мақсат, — деп жауап берді.

Ол Қазақстанның уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын, бұл да елдің экономикалық және энергетикалық әлеуетін айқындайтынын атап өтті.

Қорытындылай келе, Президент Тоқаевтың Al Jazeera арнасына берген сұхбаты Қазақстанның халықаралық аренадағы салмақты ұстанымын, реформаларға деген тұрақты көзқарасын және жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуға дайын ел екенін көрсетті. Орта державалардың ынтымағы мен батыл ұстанымы арқылы әділетті әлемдік тәртіп орнату — бүгінгі күннің маңызды міндеті

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.