6 маусымға қараған түні Ресей әскері Киевке және Украинаның басқа қалаларына жаппай зымырандық соққылар жасады, деп хабарлады УНИАН.
Қалада үлкен қираулар бар, жараланғандар саны — жиырмадан асады. Азаматтық инфрақұрылым нысандары, көліктер, тұрғын үйлер мен метро жолдары зақымданған. Соққылар Киевтің алты ауданына тиген. Қаланың әртүрлі бөліктерінде атып түсірілген зымыран қалдықтарынан өрттер шыққан.
Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, төрт адам қаза тапқан, 20 адам жараланған, олардың 16-сы ауруханада жатыр. Метро жолдарына келген зақым бір күн ішінде жөнделетін болады. Украина билігінің мәліметінше, Ресей әскері Луцк және Тернополь қалаларын да дрондармен және зымырандармен атқылаған. Тернопольдің бір бөлігі электр қуатынсыз қалды.
Киевке жасалған түнгі шабуыл Украина дрондарының Ресейдің бес аймағындағы аэродромдарда ондаған бомбалаушы ұшақтарды жойған «Өрмек» операциясына жауап ретінде қарастырылып отыр.