
Қазақстанда 2024 жылдың негізгі экономикалық нәтижелерін қорытындылап, 2025 жылға жоспарларды бекіту мақсатында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елдің экономикалық саясатына байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін. Сарапшылар бұл жиынға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, ел экономикасын дамытудағы басымдықтарды атады.
Экономист Бекнұр Досжан экономиканың тұрақты дамуы үшін ең алдымен инфрақұрылымға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі экономикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне логистикалық жүйелердің, қоймалардың және өңдеу зауыттарының жетіспеушілігі кедергі келтіріп отыр.
Біздің инфрақұрылым толықтай дамымаған. Логистикалық тізбектер, суық сақтау қоймалары, азық-түлік сақтауға арналған кешендер жеткіліксіз. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін осы инфрақұрылымдарды құру қажет. Біз жылдар бойы қазба байлықтарды сатып күн көрдік, ал қазір индустрия мен экономикалық мәдениет қалыптастыру уақыты келд», – деді ол.
Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев те осы пікірмен келіседі. Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Алайда бұл үшін экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқарту қажет.
Экономикалық жүйеде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін мемлекеттік меншікті қысқартып, жеке сектордың рөлін арттыруымыз керек. Бүгінде біздің ЖІӨ-нің 60%-ы квазимемлекеттік сектордың үлесінде, бұл бизнестің дамуын тежейді. Мемлекеттік меншік 15-20% деңгейінде болуы тиіс, – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, инфляцияны бақылау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Алайда бұл бағытта жіберілген қателіктер салдарынан инфляция деңгейі болжамнан әлдеқайда асып кетті.
Бекнұр Досжан:
Инфляцияны дұрыс болжамадық. Біз оны 8% деп болжадық, бірақ шын мәнінде ол одан әлдеқайда жоғары болды. Бұл инфляцияның өсуіне қарсы шаралар қабылдауда жүйеліліктің жоқтығын көрсетеді. Біз нақты талдау жүргізіп, инфляцияның себептерін анықтауымыз қажет.
Ал Сапарбай Жобаев бюджеттік саясатты қайта қарау қажеттігін алға тартады. Оның пікірінше, мемлекеттік кәсіпорындардың тиімсіздігі инфляцияны арттырып, бюджеттік тапшылықтың өсуіне ықпал етуде.
Мемлекеттік меншік тиімді жұмыс істемейді. 50 ірі мемлекеттік кәсіпорынның 14-і табыссыз жұмыс істеп, бюджеттен қаржылық көмек алуда. Мұндай тиімсіз жүйені тоқтатып, квазимемлекеттік секторды жекешелендіру қажет. Бұл инфляцияны төмендетіп, мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, – деді ол.
Бюджеттік саясат мәселесі жиынның негізгі тақырыптарының бірі болмақ. Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік шығындарды бақылау және бюджеттің кіріс бөлігін арттыру – басты міндеттердің бірі.
Сапарбай Жобаев:
Қазақстанның бюджеті тұрақсыз. 2024 жылы бюджет шығындары 21 триллион теңге болса, оның 11,5 триллионы ғана салықтан түсті. Қалғаны Ұлттық қордан және қарыздар арқылы жабылды. Бұл ұзақ мерзімді перспективада қауіпті. Мемлекеттік кәсіпорындардың тиімділігін арттыру және салықтық базаны кеңейту арқылы бұл мәселелерді шешу керек.
Оның пікірінше, мемлекеттік меншік салық төлеудің орнына, бюджеттен қаржылық көмек алуға бейім. Мысал ретінде ол мұнай саласын атап өтті.
Теңіз Шевройл Қазақстанда 24-25 млн тонна мұнай өндіріп, бюджетке 2,5 триллион теңге салық төлейді. Ал дәл осынша мұнай өндіретін ҚазМұнайГаз бар болғаны 1,169 миллиард теңге ғана салық төлейді. Мемлекеттік кәсіпорындардың тиімсіздігінен бюджетке түсетін кіріс азайып отыр.
Қазақстанның экспорттық саясатына қатысты мәселелер де сарапшылардың назарында болды. Бүгінде экспорт көлемі жоғары болғанымен, оның негізгі бөлігі шикізатқа тиесілі.
Сапарбай Жобаев:
Қазақстанда экспорт көлемінің көп бөлігі шикізатқа негізделген. Мысалы, біз 80 миллиард доллардың өнімін экспорттаймыз, бірақ оның тек 24 миллиарды дайын өнімдерге тиесілі. Дайын өнім экспортын арттыру үшін өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және халықаралық стандарттарға сай өнім шығару қажет.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетін дамыту мәселесі өзекті болып отыр.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру үшін жерді фермерлерге жекешелендіріп беру қажет. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында көптеген жерлер мемлекеттік меншікте немесе жоғары лауазымды шенеуніктердің қолында. Бұл өнімділікті төмендетіп, экспорт көлемін арттыруға кедергі келтіреді», – деді сарапшы.
Сарапшылар Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік меншікті қысқарту, инфляцияны тұрақтандыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдануы мүмкін екенін айтты. Бұл реформалардың нәтижелі болуы үшін мемлекеттік меншік үлесін азайтып, жеке сектордың рөлін арттыру қажет.
Қазақстанның экономикалық болашағы осы реформалардың тиімді іске асырылуына байланысты. Сарапшылар экономиканың қазіргі проблемаларын шешу үшін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер қажет екенін атап өтті.
Дайындаған Самал Асқар, arasha
-
27.02.2025
-
27.02.2025
-
27.02.2025
-
27.02.2025
-
27.02.2025
-
27.02.2025
-
26.02.2025
-
26.02.2025
-
26.02.2025