arasha.kz

Сенатор ашаршылыққа қатысты құпия деректерді жариялауды талап етті

Ашаршылыққа қатысты көптеген құжат пен құнды материал архивтерде сақтаулы тұр. Ал оған зерттеушілер кіре алмайды, дейді Мұрат Бақтиярұлы

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы ашаршылыққа қатысты құпия құжаттарды ашуды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап

Сенаттың жалпы отырысында Мұрат Бақтиярұлы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, ашаршылықтың ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей отыр. Деректер ала-құла, ал құрбандардың нақты санына қатысты ортақ пайым жоқ. Себебі көптеген құжат ашылмай отыр.

«Ашаршылыққа қатысты көптеген құжат пен құнды материал ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің архивінде сақтаулы тұр. Ал оған зерттеушілер кіре алмайды.

Бұл мәліметтер осы күнге дейін құпия болғандықтан, қолында нақты дерегі жоқ тарихшылар ашаршылық жылдары қайтыс болған, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны туралы кесімді нәрсе айтуға бара бермей, тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр», – деді Бақтиярұлы.

Депутаттың айтуынша, ашаршылық ақиқатын толыққанды ашып, оған объективті баға беру қажет. Ол үшін «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» атты дөңгелек үстелдің қатысушылары әзірлеген ұсыныстарды іске асыру қажет. Олар:

Бұдан бөлек, ғалымдар жыл сайын 31 мамырда мемлекеттік деңгейде «Аза тұту минутын» өткізуді ұсынып отыр.

«Ашаршылық қасіретін ұрпақтар жадында мәңгі есте қалдыру мақсатында елордада «Аза сарайы», не болмаса, «Қазақ қасіретіне тағзым» мемориалдық кешенінің құрылысы қолға алынса, құба-құп. Онда интерактивті карта арқылы ашаршылық жылдары халқымыз өткен тозақтың жан шошырлық фрагменттері, халықтың аштыққа ұшыраудың нақты себептері, ашаршылықтың салдары, аштық апаты жойған тұтас ауылдар, әулеттер, адамдар жайындағы деректер көрсетілуі керек», – деп атап өтті Бақтиярұлы.

Депутаттың айтуынша, кешенге кірген адамдар қазақ халқына жасалған тарихи әділетсіздікті терең ұғынады. Тарихи санамызды да жаңғыртады.

Естеріңізге салсақ, сенатор ашаршылықтық геноцид емес екенін айтып, Arasha.kz-ке сұқбат берді.

Осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ашаршылық тақырыбын саясиландырмайық деген ойын жазған едік.

Кейін Arasha.kz сайты Әшімбаевтың ойына қатысты сұқбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаев ашаршылық туралы ашық айтылса, Кремльдің көңіліне кірбің түсетіні туралы айтқан пікірін ұсынды.

Ал Тарихшы Талас Омарбек ашаршылық биліктің  30 жыл бойы қашқан тақырыбы екенін айтты.

Қоғам қайраткері Смағұл Елубай Әшімбаевтың ашаршылық туралы Сенатта тыңдау өткізетінін хабарлады.

Exit mobile version