Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Үндістан Пәкістан мен Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы аумағына шабуыл жасады. Салдарынан кемінде сегіз адам қаза тапты. Пәкістан бұл шабуылды «соғыс жариялаудың айқын әрекеті» деп атады, деп хабарлайды Reuters.
Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, үнді қарулы күштері «Синдур» операциясын бастап, тоғыз нысанаға соққы берген.
«Террористік шабуылдарды жоспарлап, Үндістанға бағыттап отырған Пәкістан мен Пәкістан басып алған Джамму мен Кашмирдегі террористік инфрақұрылымдарға соққы берілді», — делінген мәлімдемеде.
BBC Пәкістан армиясының мәлімдемесін келтіреді: соққылар террористерге емес, бейбіт тұрғындар тұратын аймақтарға тиген. Олардың айтуынша, үнді ұшақтары зымырандарды өз әуе кеңістігінен ұшырған. Үнді соққылары салдарынан сегіз адам қаза тауып, 35 адам жараланған, екеуі із-түссіз жоғалған. Соққылардың бірі мешітке тиген.
Пәкістан аумағындағы әуе кеңістігі 48 сағатқа жабылды.
SAMAA TV телеарнасының хабарлауынша, Пәкістан да Үндістан аумағындағы нысандарға жауап ретінде соққы берген.
Екі елдің де ядролық қаруы бар. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш екі тарапты барынша сабырлық сақтауға шақырды.
Қақтығыс 22 сәуірде Пахалгам атты танымал тау шипажайы маңында болған терактіден кейін ушыға түсті. Қарулы адамдар туристер тобына оқ жаудырып, 26 адам қаза тапты – олардың 25-і Үндістан, біреуі Непал азаматы. Үндістан бұл шабуылға Пәкістандағы содырлар жауапты деп мәлімдеді, бірақ Пәкістан бұл айыптауды жоққа шығарды.