Генерал — Қазақстанның күштік құрылымдарындағы ең жоғары шендердің бірі. Бұл атақ — әскери немесе құқық қорғау саласындағы ұзақ жылғы қызметтің, кәсіби біліктілік пен жауапты лауазымдардың нәтижесі. Араша.kz редакциясы еліміздегі генералдар саны қанша екенін және бұл шен қандай жағдайда берілетінін білу үшін бірқатар мемлекеттік мекемелерге ресми сауал жолдады. Алайда жауаптардың өзі бұл тақырыптың қаншалықты жабық екенін көрсетті.
Қарулы күштердегі генералдар
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында қазіргі таңда 40 жоғары офицерлік құрам өкілі бар. Оның ішінде:
• 1 генерал-полковник,
• 9 генерал-лейтенант,
• 30 генерал-майор.
2024 жылы бұл шен жеті әскери қызметшіге берілсе, 2025 жылдың алғашқы айларында алты адам (оның ішінде бес генерал-майор мен бір вице-адмирал) жоғары шен алды.
Дегенмен, Қорғаныс министрлігі отставкадағы генералдардың нақты санын атаудан бас тартты. Бұл ақпарат құпия саналады.
Антикор және Қаржылық мониторинг агенттігі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (Антикор) 11 генерал шеніндегі қызметкер жұмыс істейді. Тағы 4 адам — отставкадағы генералдар. 2024 жылы үш адам бұл атаққа ие болса, 2025 жылы тағы екі қызметкерге генерал шені берілген.
Қаржылық мониторинг агенттігінде 2022–2024 жылдар аралығында 10 басшыға «Экономикалық тергеу қызметінің генерал-майоры» арнайы шені берілді. Жақында бұл қатарға тағы екі адам қосылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен прокуратура
Төтенше жағдайлар министрлігінде бес генерал қызмет етуде. 1992 жылдан 2024 жылға дейін бұл ведомстводан 15 адам зейнетке шыққан. 2024 жылы азаматтық қорғау саласындағы бір офицерге генерал шені берілген.
Бас прокуратурада қазіргі таңда 28 адам «әділеттің мемлекеттік кеңесшісі» шенін иеленіп отыр. Бұл — әскери шен жүйесі бойынша генерал атағына теңестірілетін лауазым. Зейнеттегі кеңесшілердің саны — 57. Өткен жылы бес прокурорға 1, 2 және 3-сыныпты шен берілсе, биыл төрт қызметкерге 3-сынып шені тағайындалды.
ІІМ мен ҰҚК — жабық құрылымдар
Ішкі істер министрлігі (ІІМ) генерал шеніндегі қызметкерлер санына қатысты ресми жауап берген жоқ. Алайда ашық дереккөздерге сүйенсек, 2023 жылы үш, 2024 жылы бес полиция қызметкері генерал-майор шенін алған.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәліметтерді мүлде ұсынған жоқ. Комитет өкілдері генералдар санына қатысты ақпараттың құпия екенін, сондықтан жариялауға жатпайтынын атап өтті.
Генерал шені қалай беріледі?
Бұл сұраққа ең нақты жауапты Қорғаныс министрлігі берді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, генерал-майор немесе контр-адмирал шенін алу үшін әскери қызметші:
• кемінде үш жыл полковник (немесе тең дәрежедегі шен) ретінде қызмет етуі керек;
• жоғары офицерлік құрам лауазымында кемінде бір жыл жұмыс істеуі тиіс;
• жоғары әскери білімі болуы қажет.
Жоғары шен тек уәкілетті орган басшысының ұсынысымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ғана беріледі.
Құқық қорғау органдарында (Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі) бұл үдеріс «Құқық қорғау қызметі туралы» заң аясында реттеледі. ІІМ, Бас прокуратура және ТЖМ шендердің қызметтік жетістіктері мен міндеттерді үлгілі атқарғаны үшін берілетінін хабарлады.
Соңғы сөз — Президентте
Генерал шенін беру — қарапайым бұйрықпен емес, мемлекет басшысының шешімімен жүзеге асады. Жоғары әскери және арнайы шендер, сондай-ақ әділет кеңесшісінің сыныптық шендері Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітіледі. Сондықтан бұл мәртебелі атаққа ие болу — қызметтік тәжірибе мен беделдің ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік деңгейде расталған сенімнің белгісі.