12-01-19 |
4920 рет қаралған
Құқықтық мемлекет құру қит етсе айыппұлмен қорқыту емес.
Құқықтық мемлекет құру қит етсе айыппұлмен қорқыту емес

          Мақаланы «естімеген елде көп» деп бастайық десек, сабаққа бармаған баласы үшін ата-анасына айыппұл арқалату тиісті заңда бұрыннан бар нәрсе. Тек, әлдебір дүние әлеуметтік желі, WhatsApp хабарламалар арқылы таралғанда ғана, жаппай мойын бұрып, жапа тармағай талқылап, апаратын жеріне апарып тастайтынымыз бар.

          Сабақтан қалған баланың ата-анасына 15 000 теңге көлемінде айыппұл салынатыны туралы жақында әлемжеліде, WhatsApp мессенджері арқылы хабарлама тараған болатын. Әлеуметтік желіде мұндай «жаңалықтар» желдей есіп, әп-сәтте шартарапқа жететіні жасырын емес. Оның үстіне телефонға телмірген халықтың көңіл-күйіне әсер ету күші, қазіргі тілмен айтқанда эффектісі де керемет. Әлемжеліде бұл мәселеге қатысты түрлі пікір өрбіді.

Содан басынан дау арылмайтын Білім және ғылым министрлігі үнсіз қалғанды жөн көрмесе керек, аталмыш мәселеге қатысты пікір білдірді. «Әкімшілік кодекстің 127-бабында ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан 7 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны айтылады. Биыл бұл сома 2 525 теңге болды. Сонда 17 675 теңге көлемінде айыппұл төлеу қарастырылған. Бір жыл ішінде осындай жағдайлар қайталанатын болса, 15 тәулікке дейін қамауға алынады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі», – деп министрлік мәлімдеме таратты. Яғни, бір жыл ішінде балаңыз екі рет сабақтан негізсіз қалса, 50 500 теңге айыппұл төлейсіз. Ал, айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өсіп отыратынын ескерсек, бұл көрсеткіштер де ілесе көтеріліп отырады. Балаңыз мектепке бармағаны үшін қалтаңызды жұқартқыңыз келмесе, онда оны негізсіз қалдырмауға тырысқаныңыз немесе оқу орнын ескерткеніңіз абзал.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің аталмыш 127-бабы бойынша айыппұл сот арқылы салынады. Бұл бап бұған дейін де іс жүзінде қолданылып келеді. Әлбетте, «бұрыннан бар нәрсеге несіне таң қаласыңдар» деп сөгуден аулақпыз. Өйткені, мұның пайдасы тиіп жатқан тұстар да жоқ емес. Әсіресе, өзінің діни көзқарасына байланысты қызын мектепке орамалсыз жібермеймін деп бірер күн тұрмақ, екі тоқсан бойы сабақтан қалдырған ата-аналар үшін. Былтыр көктемде Ақтөбеде сондай 18 ата-анаға айыппұл салынған. Нарық заманында орта таптың ең жанды жері ақша емес пе. Осыдан соң оқушы қызының орамалын шешіп, мектепке жібергендері де бар.

Алайда, бізді ойлантатыны, неге қазір бәрі айыппұл салумен шешілуі тиіс?! Құқықтық мемлекет құру дегеніміз қит етсе айыппұлмен қорқыту емес шығар?! Кейде тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларын қатарынан қалдырмай мектепке киіндіріп, керек-жарағын әперіп жіберуге мұршасы келмей жатады. Сонысы үшін онсыз да тұрмысы тұралап жатқан отбасыға «балаңды сабаққа жібермедің» деп айыппұл салу қай қисынға сыяды. Қауіпсіздігін белдігін тақпағаны немесе көлігінің күндізгі шамын жақпағаны үшін жүргізушіге айыппұл салса, ол одан кейін оны екінші рет қайталамауы мүмкін. Ал, мына мәселеде ата-анаға айыппұл салудан бұлайша тез нәтиже күту бекершілік. Көрші Ресейде баласын сабақтан қалдырғаны үшін айыппұл төлеуге қауқарсыз ата-ана оның өтеуін толтыру үшін қоғамдық жұмыстарға тартылады екен. Біздің аталмыш кодекстің тиісті бабында ондай тармақ қарастырылмаған. Мұндай тармақ қарастырылғанның өзінде, ол заңды болғанымен, қаншалықты әділетті болмақ деген сұрақ бәрібір басы ашық күйінде қалатындай.     

  Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

          – Әкімшілік айыппұлды кәмелет жасына толған, табысы бар адамдар төлейді. Мейлі 10 жаста, мейлі 16 жастағы болсын, бала түрлі себеппен сабаққа бармай қалды делік, енді балада әртүрлі қиял болады ғой, қалай онысы үшін ата-ана, яғни біреудің кінәсі үшін біреу жауап береді!?

          Бұл соңғы кезде ғаламтор беттерінде сөз болып кеткен мәселе ғой. Мен естігенімде, бастапқыда аң-таң болдым. Егер ата-ана баласының алдындағы борышын, ата-аналық міндетін қасақана бұзса, онда әңгіме басқа. Айыппұл төлетсін және өзге шарасын қолдансын. Ал, енді «баланың көңілі далада» демекші, баланың көңілі қашан да алаң көңіл ғой, неше түрлі ой, қиялға беріледі. Сөйтіп жүріп балалықпен мектепке бармай, басқа әлденеге ауып кетсе және сол үшін ата-анасына айыппұл келсе, сонда бұл қалай болғаны?!

          Заңды ұқсастығы бойынша қолдануға болмайды. Заң қабылдарда әбден зерттеп, зерделеп, тәжірибе жасап барып қабылдау керек.

          Ал, енді заңда нақты жазылып, көрсетілсе, онда әңгіме басқа. Бірақ, кейде заңды болғанымен, әділетті орындала бермейтіні бар. Сондықтан, мұның қолданылуын тексеру керек, баласы сабақтан қалды екен деп беталды айыппұл сала беруге болмайды. Мектепке не себепті бармай қалғанын анықтап барып, әлгі кодекс бабы қолдануға жататынын не жатпайтынын айқындау қажет. Өйткені, кей жерлерде заң шықты екен деп білгенін істейтіндер жоқ емес. Ондайға жол бермеу керек. 

Айбар САҚ

arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.