13-03-23 |
1700 рет қаралған
Молдова полициясы ресейшіл күштердің жікшіл жоспары орындалмағанын мәлімдеді.
Молдова полициясы ресейшіл күштердің жікшіл жоспары орындалмағанын мәлімдеді

12 наурызда Молдовада ресейшіл «Шор» партиясы ұйымдастырған оппозиция митингісі өтті. «Полиция олардың парламент ғимаратына дейін баруына жол бермей, 54 адам ұсталды» дейді Азаттық радиосының Молдаван қызметі – Europa Liberă Moldova.

Шеруге шыққандар электр энегриясының қымбаттығын алға тартып, азаматтардың қысқы коммуналдық шығынын үкімет төлесін деген талап қойған.

Митинг бір сағаттан кейін полициямен қақтығысқа ұласқан. Полиция парламентке баратын жолды жапқан.

Акцияға шыққандардың ішінен 54 адам ұсталған, оның 21-і – кәмелетке толмағандар. Полиция «ұсталған адамдар күдік туғызды, қалталарынан суық қару шықты» деп мәлімдеген.

Сол күні түсте Кишинев қаласының халықаралық әуежайына бомба қойылғаны туралы ақпарат түскен. Бірақ ол жалған боп шыққан. Мұндай әрекет бұған дейін де болған. Полиция мұны «қоғамдық тәртіпті тұрақсыздандыруға бағытталған іс-шараның бір бөлігі» деп бағалаған.

Жексенбіде акция басталған дейін баспасөз жиынын өткізген полиция басшысы Виорел Чернэуцану құқық қорғау органдары Молдовада тұрақсыздық тудыру жөніндегі Ресей жоспарын бұзғанын мәлімдеген. Сол үшін 9 наурызда Кишиневке келіп, адамдарды үйретпек болған Ресей азаматын ұстағанын айтқан.

Оның сөзінше, бүлік шығарғысы келгендер әрқайсысы 10 адамнан тұратын 10 топ әзірлеген. Оның жұмысын Мәскеуден үйлестірген. Бүлік шығарғандардың әрбіріне 10 мың доллардан берілетінін айтқан. Алайда 11 наурызда оларды полиция ұстаған. Полиция басшысы ұсталғандардың «бүлікке дайындалып жатқан әрекеті» көрінетін видеоны жариялаған.

Ресейшіл «Шор» партиясы кейінгі кезде Батыспен жақындасқысы келетін Молдова үкіметіне қарсылығын үдете түскен.

Ақпанның ортасында президент Майя Санду Ресейді «Молдованың ішкі ісіне араласпақ болды» деп айыптаған. Ресей мұны «Молдова билігі экономикалық және әлеуметтік салалардағы проблемалардан қоғам назарын аударғысы келгендіктен жасап отыр» деп мәлімдеген.

«Шор» партиясының жетекшісі бизнесмен Илан Шор Ресейдің Жасмин деген әншісінің күйеуі ретінде де белгілі. Молдованың үш банкінен миллиард доллар ұрлағаны үшін ол 2017 жылы 7,5 жылға сотталған. Сот үкімі жоғары инстанцияда қаралып жатқанда, Шор Израильге қашып кеткен. 2020 жылы Израиль Илан Шорды экстрадициялау туралы сұранысты орындаудан бас тартқан. Алайда 26 қазанда АҚШ билігі Шорға да санкция салған соң, Молдова билігі оны қайтарып аламыз деп үміттенеді.

2022 жылы қыркүйекте «Шор» партиясы парламент пен президентті мерзімінен бұрын сайлауды талап етіп, тоқтаусыз қарсылық акциясын бастайтынын мәлімдеген. Молдова президенті Майя Санду «Шорды» Мәскеу қолдайды деп ашық айтып отыр. Мұны RISE Moldova және «Досье» орталығының зерттеулері растай түскен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.