22-02-23 |
2640 рет қаралған
Қазақстандағы машина жасау индустриясы: жаһандық сын-қатерлерге қарамастан дамып келеді.
Қазақстандағы машина жасау индустриясы:  жаһандық сын-қатерлерге қарамастан дамып келеді

2022 жылдың соңында үкімет көлік жасау өнеркәсібін экономиканың негізгі драйверлерінің бірі деп баға берген еді. Сарапшылар да Орталық Азия аймағындағы қазақстандық автоөндіріс орнының нығая түсетінін болжап, бұл пікірді растап отыр. «Көлік өнеркәсібі өңір экономикасының өсуіне негіз болатын фактордың біріне айнала ма?» деген сауалдың жауабын нарық мониторингі деректерінен және қаржылық бақылаушылардың болжамдарынан байқауға болады.

Қазақстанның автомобиль нарығын талдау және мониторингі орталығының мәліметінше, соңғы 5 жылда елімізде автокөлік өндірісі 20-25%-ға тұрақты түрде өсіп отыр. Өткен жылдағы жаһандық оқиғаларға қарамастан, бұл салада серпіліс бар, керісінше сұраныс та арта түскен.

«2022 жылғы бүкіл қиындықтарға қарамастан, қазақстандық көлік жасау өнеркәсібі өзінің өсу қарқынын сақтай отырып, өндіріс көрсеткішін 28%-ға ұлғайтты. Жалпы айтқанда, жергілікті зауыттар жүз мыңнан астам техника шығарған. Тоқетерін айтқанда, ел аумағындағы өндірістік күш-қуаттың жеткілікті болуының арқасында жеңілдетілген несиелендіру шеңберінде берілетін көлік сұранысын өтеп отыр. Ескерер дүние, бүкіл көлік маркасы Қазақстанда шығарылмайды. Оның көбісі сырт елдерден импортталады. Ал санкцияға дейінгі кезеңде негізгі импорт Ресейден келетін. Сондықтан нарықта әлі де болса, көліктің бөлшектеріне деген тапшылық байқалады», – деді автокөлік нарық сарапшысы Артур Мискарян.

Еуропалық бизнес қауымдастығының 2023 жылғы қаңтардағы соңғы көрсеткіші бойынша, Ресейдегі көлік нарығы қазірдің өзінде 63,1%-ға төмендеп кеткен. Соған қарамастан, біздің елден заңсыз экспортталатын көліктер легі он есеге арта түскен. Қазір санкциялық режимнің аясында импорттық жеткізілімдердің қайта қаралуы – елдегі өндірісті оқшаулау мәселесін шиеленістіре түсуде.

Мискарянның айтуынша, елдегі өндірісті оқшаулау 30-35% деңгейінде бағалануда. Бірақ 100 мың дана болса да, жергілікті автокөліктің экспортталуы көлік жасау өнеркәсібінің өсіміне және сапалық көрсеткішіне оң әсер етуі мүмкін.

Мұндай нарықтық талдаулар, әрине, бізге жақсы үміт сыйлайды, бірақ экономистер болжам жасауға асығар емес. Қаржы сарапшысы, «Алмагест» консалтингтік компаниясының бас директоры Айдархан Құсайыновтың айтуынша, бұл тұрғыда мемлекет әлі де нақты жұмыс істеуі керек.

«Көлік жасау өнеркәсібі – табыс көзіне айналатын жақсы сала. Оның тоқтаусыз дамуы – өзімізге жақсы. Себебі, жаңа зауыттар ашылады, халық жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, көлік жасау өнеркәсібі – технология, оның арқасында көлік саласы ғана емес, цифрландыру да дами түседі. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланың дамуына кедергі жасамай, ілгерілеуіне қолдау көрсеткені абзал. Бұл – қарқынды өсу алаңы, бірақ экономикалық саясаттың отандық өндірушіге бағытталуы тиіс екенін ескергеніміз жөн. Қазір автокөлік өндірушілерді бизнестің барлық қиындықтарына төтеп беріп, арпалысып жүрген күрескерлер деп атауға болады», – деді Құсайынов.

Сарапшылардың пікірінше, егер көлік жасау өнеркәсібі өндіріс қуатын арттырып, өндірілетін өнімнің оқшаулауын ұлғайтуды жалғастыратын болса, онда 2023 жылы өңір экономикасын дамыту тұрғысынан ішкі автокөлік нарығының ықпалын арттыру үрдісін сақтап қала алады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.