31-10-22 |
2280 рет қаралған
Жаны саудың – дені сау.
Жаны саудың – дені сау

Күз кезінде адам ағзасы әлсіреп, иммунитеті тқмендейді. Сол кезде адам ағзасы ауруға да шылдыққыш келеді. Оның үстіне, қазір сырқаттың түрі көбейіп, олардың саны жыл сайын артып келеді. Ал иммунитетін көтерудің бірден-бір жолы – бұл салауатты өмір салтын ұстану. Осы тақырып төңірегінде терапевт-дәрігер Айнұр Ағыбайқызымен аз-кем әңгімелестік.

– Қазір жасы үлкені болсын, кішісі болсын ұйқы бұзылғанын айтып, шаршаңқы жүргенін сөз етіп, шағымданып жатады. Ұйқының бұзылғанын қалай анықтауға болады? Оны түзеудің жолдары қандай?

– Кем дегенде аптасына үш рет, 30 минуттан аса төсекте ұйқысыз жатса, ұйқы бұзылғанының белгісі. Негізі ұйқы созылмалы стрестен, дәрілік заттардың жанама әсерлерінен, тұрғылықты мекен өзгергенде, мидың органикалық бұзылыстарында, жатар алдында миға салмақ салып жұмыс істесе немесе жатар алды тойып тамақ ішсе сол секілді тағы басқа да себептер ұйқының бұзылуына әсер етеді. Енді ол жағын әр адамның жағдайына қарай анықтау керек. Бірақ көбіне адамдар жәй ұйықтағандықтан кеш тұрады. Ондайда бас мең-зең болып, бүкіл күнінің жұмыс істей режимі бұзылады. Сондықтан ұйқыны түзету үшін таңғы сағат 08:00-де, яғни таңертең тұрып, кешкі 22:00-де ұйықтауды, әдетке айналдырған дұрыс. Жатар алдында бөлменің жарығын, теледидар секілді дыбыс, иіс сияқты тітіркендіргіштерді өшіру керек. Себебі мидағы бұл тетікшелер өте сезімтал болғандықтан мидың толыққанды демалуына кедергі келтіреді. Оның үстіне жатар алдында 1сағат бұрын кітап оқу, телефон, теледидар көруді тоқтату қажет. Ми тынымсыз жұмыс істегендіктен белсенділігін ұзақ уақыт сақтайды. Бөлменің ішін желдетіп алған да жөн болар.

– Иммунитетті қалай көтеруге болады?

– Жоғарыда айтып кеткенімде, әуелі ұйқы дұрыс болуы керек. Адам ағзасы ертерек жатып, қалыпты 8 сағаттын ұйықтауы тиіс. Екіншіден, стрестен аулақ болған жөн. «Жаны саудың – дені сау» деп бекер айтылмаған, бойыңызды жаман ойдан аулақ ұстаңыз. Күнде таңертең ұйқыдан тұрарда және жатар алдында «Дені сау, бақытты жанмын» деп айтуды әдетке айналдырыңыз. Түйсік арқылы ағзаны да қорғай аласыз. Оның үстіне, таза ауада көбірек серуендеген денсаулыққа пайдалы. Мысалы, таңертеңгі 9-12 аралығындағы күн сәулесі ағзаға өте пайдалы деп саналады. Өйткені күн сәулесінің әсерінен витамин d түзіледі. Сол аралықта таза ауада 15 минуттай серуендесе, көңіл күйді көтеріледі. Егер 30 минуттан артық серуендесе, қан айналымын жақсартып, ағзаның өзіндік қорғаныш процестерін арттырады. Төртіншіден, ас құнарлы болуы тиіс. Адам өзін фастфуд, таза емес шоколад өнімдері, газды су секілді пайдасы жоқ өнімдерден шектеңіз. Сонымен қатар, жүйелі түрде витаминдік комплекстер қолданып, иммунитетті көтеріңіз. Мысалы, витамин с ағзаның табиғи вирусқа қарсы күресетін интерферон түзілуін арттырады. Сол секілді ағзаға қажетті дәрімендерді уақытымен ішкен дұрыс.

– Соңғы кездері ақпараттың көптігінен бе, әлде есте сақтау қабілетінің әлсіреуінен бе ел ішінде айтқанын ұмытып, ұмытшақтық белең алуда. Оның алдын қалай алуға болады?

– Есте сақтау – мидың өткен оқиғаларды анализдеп оны сақтау, жаттау және қажет жағдайда қайта есіңе түсіретін мидың ерекше қабілеті. Негізі стресстен, жүйелі түрдегі негативті ойлар, түрлі травмалар есте сақтау қабілетін төмендетеді. Қазіргі таңда психологияның психосоматика саласы да аз түсіндіріп жатқан жоқ. Мысалы, психосоматика саласында есте сақтау қабілетінің төмендеуі – адамның негативті ойларда батып жүруін алға тартады. Яғни, бірінші ниетіңізді түзеп Алламен дос болыңыз. Сонда сіздің бар ниетіңіз қабыл болады. Сондықтан әрбір адам өз-өзін бағалап, сүюді үйреніңіз. Сіз махаббатқа толы болсаңыз, айналаңызға да сәуле шашып жүресіз. Екіншіден, дәрігер тағайындауымен бас ми-қан айналымын жақсартатын арнайы дәрілерді алып, жүйелі түрде емделу керек. Үшіншіден, кітап оқуды әдетке айналдырып, ойша екі таңбалы сандарды көбейтіп, қосып жүруді әдетке айналдырған жөн. Күнде таңертең аш қарынға 1стакан жылы суға 1 шай қасық бал және 1 шай қасық тмин майын араластырып ішуді әдетке айналдырыңыз.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.