31-10-22 |
1190 рет қаралған
Жигули Дайрабаев: ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін түбегейлі өзгерту керек.
Жигули Дайрабаев: ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін түбегейлі өзгерту керек

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Аршалы ауданы Анар ауылындағы сайлаушыларымен кездесті. Аталған елдімекендегі «Аян» ЖШС тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесуде кандидат жұртшылықты өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Анар станциясында орналасқан кәсіпорын – «Аян» ЖШС ұн тартумен, ұн, макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Астана маңында пайда болған алғашқы отандық кәсіпорындардың бірі. Елорданың азық-түлік белдеуіне енген. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді, алайда соңғы кездегі астық бағасының күрт өсуіне байланысты белгілі бір қиындықтар туындаған.

Компанияның өз алқабынан алған біршама шикізаты бар. Бірақ ол мәселені шешпейді.

«Бұл тұрғыдан келгенде мұндай кәсіпорындар нарықта арзан шикізат іздеп аласұрмай, шикізат жеткізушілерін нақты анықтап, айналасында орналасқан тауар өндірушілермен екі жаққа да қолайлы бағамен ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істеуі керек. Биыл көктемде фермерлерден астық жеткізуде дағдарыс болды. Фермерлер мен өңдеушілер баға бойынша келісе алмады. Фермерлер астықтың тоннасын нарықтағы баға – 180 мың теңгеден саудалады, ал ұн тартушылардың берген бағасы 120 мың теңге болды. Бұл 120 мың теңге ресейлік контрабандалық астық бағасы еді. Шенеуніктер мәселені шешудің орнына астық экспортына тыйым салып, сол арқылы фермерлер мүддесін аяқасты етті. Барлығын нарықтық, экономикалық әдістер – субсидиялардың елуге жуық түрін оның бір-екі түрімен алмастыра отырып, фермерлер өндірген ауыл шаруашылығы өнімдері құнын субсидиялауды енгізуге мүмкіндік болса да олар басқа ештеңе ойлап таппады. Нарықта 180 мың теңге тұратын астық құнының 40% фермерлерге субсидия ретінде беріліп, ұн тартушыларға астық 108 мың теңгеден сатылғанда таразы басы тең болар еді. Сондай-ақ, өңдеу кәсіпорындары несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялап, оларға фермерлерден ауылшаруашылық өнімдерін арзан несиелермен сатып алатын жағдай жасауға болады. Сонда фермерлердің де, ұн тартушылардың да, ең бастысы, ұн мен нан тұтынушылардың, яғни Қазақстанның барлық азаматының мүддесі қорғалады. Біз экспортқа бағдарланған елміз, сол себепті астық бағасын тұрақтандыру мақсатында экспортты жабуға болмайды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, шикізат сатып алу бағасындағы айырмашылық өтелуі тиіс. Өңдеу кәсіпорындарына шикізатты кез келген уақытта қажетінше сатып алатындай жағдай жасалыну керек және бұл ұн мен макарон өнімдерінің соңғы бағасына әсер етпеуі тиіс», – деді Кандидат Жигули Дайрабаев.

Одан кейін кандидат Анар ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға ауылдың 70-тей тұрғыны, аталған елдімекеннің азаматтық қоғамының өкілдері қатысты. Олар кандидат бағдарламасына қызығушылық танытып, қызу қолдау білдірді. Сайлаушыларға кооперативтер, тұтыну кооперативтерін құру мәселесі өте ұнады. Себебі ауыл елордаға жақын орналасқандықтан ет, сүт және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын әрбір үй шаруашылығы өз өнімін астана нарығына шығарып сатуға мүдделі. Осыған орай, жиынға қатысушылардың басым бөлігі кооперацияның маңыздылығына тоқталып, кандидаттан осы бағытта нақты шаралар қабылдауды күтетінін айтты. Тұрғындар кандидатқа саяси тартыста табыс тіледі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.