arasha.kz

Алматы облысы Абайға неге ескерткіш қоя алмай отыр?

Алматы облысы әкімдігі масқара болды. Масқара емей не дерсіз, осыдан бірер күн бұрын «АМАНДЫҚТЫҢ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ ЕТКІСІ КЕЛМЕЙ МЕ?» атты мақала жариялағанбыз. Онда Абайдың 175 жылдығында һакім ескерткішіне бөлінген қомақты 100 миллион теңгенің игерілмеуі мен бір облыстың алып Абайға бір ескерткіштік орын таппағаны, сондай-ақ бұған қатысты әкімдік қызметкерлері айтқан «қырық өтірік» жайлы мәселе қозғап, Баталов «батальонынан» ресми жауап күткенбіз.

Нәтижесі сол – әзірге «ләм» деп ауыз ашқан адам жоқ. Бізше Амандық әкімдігінің бұл ретте жауап таппай жерге қарауының бірнеше бөтен себебі барға ұқсайды. Енді сол жорамалымыз бен алдыңғы материалдан қағыс қалған жайттарды  ұсынып көрелік.

БІРІНШІДЕН, Адамзаттың алыбы Абайдың ескерткішін қоюда Амандық БАТАЛОВТЫҢҚА мүсін дайындатудан гөрі (туындыға 100 миллион теңге бөлінгенін есепке алыңыз – Қ.Қ.) сол мүсінді орнататын – «сыйғызатын» орын табу қиын болғанға ұқсайды.

Себебі, облыс орталығы Талдықорғандағы ең лайықты жер – Абай көшесінің бойында Құнанбайұлына ескерткіш қояр орын жоқ. Түсінесіз бе, Қазақстан тұрыпты әлемнің 70 тен астам елі тойлаған ақынға өз атындағы көшеден ескерткіштік орын берілмей отыр.

Енді неге дейсіз бе? Онда экспрезидент Әбішұлы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.  Бір гектарға жуықтайтын саябақта сөзі қос тілде қашалған. Дәлірек айтқанда, Амандық БАТАЛОВТЫҢ терезесінен қол созым жерде-ақ. (Суретте)

Бұдан шығатын жалғыз-ақ қортынды мынау – Абайға Абай көшесі бос емес. Ал сосын «неге ескерткіш Абай көшесінің бойына қойылмады?» деген сұрақ туындамауы үшін, қаладағы тағы бір көрнекті жер – «Бикен Римова атындағы театрдың алдына орнатылады» деп құтылғанға ұқсайды әуелде. Тіпті жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында да ескерткіш аталған театрдың алдында «орнатылуы мүмкін» деген ақпарат тараған. Дәлме-дәл сол тұстағы сүйінші хабарларда.

Алайда кейіндеп әкімдіктегілерге ол жерге Абайдың ескерткішін орнатудың мақтанышынан гөрі фонтанның аман атқылап тұрғаны қымбат болғанға ұқсайды.

Көріп тұрғандарыңыздай сәні мен салтанаты келіскен мәдениет ордасының алды атшаптырым аумақ. Құны 100 миллиондық 175 жылдыққа арналған ескерткішті ұялмай қоятын жер. Һакімнің 45 қарасөзін қашап жазсаңыз да сыйатын алаң. Далаға шапшыған суының бағасынан (егер фонтан сылтау болса – автор.) ішке түсетін даналығы жомарт Абайдың ескерткіші тұратын жер бұл…

Жоқ, бұл жерге де әлде рушылдықтың, әлде жершілдіктің, әлде… салдарынан ұлттың Абайы «сыймаған» тағы. Енді  не істеуге болады? Әрине, ұят та болса жалғыз мүмкіндік ол – қаладағы Абай атындағы мектептің қуықтай ғана қуысы. «П» формасында салынып, үйлердің арасынан «Қазақстан» деген тар көшеге мініп тұрған мектептің сықпыты осы.

Ең даулысы сол – Алматы облысы әкімінің идеология бойынша орынбасары ескерткіш осы мектептің алдына орнатылатынын айтса, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бұл жерге бюст қойылуы тиіс екенін құжаттар арқылы дәлелдеп берген бізге. Парадокс!

Мейлі, «ұялған тек тұрмас» деп тар көшенің бойындағы мектепке 100 миллион теңгенің ендемейтін ескерткішін ептеп орнатсын дейін десеңіз,  «күрделі жөндеуі бітпеді» дейді білдей бір облыс басын қасып. Аңғарсаңыз, ұлттың айнасы, ары мен ұяты болған Абайдың 175 жылдығында Абай атындағы мектеп бітпей тұр.

«Бітпей тұрды» айтпақшы, осы жерден бір-ақ тұтам өтіріктің өзі шығады. Қалай дейсіз ғой. Ол үшін  облыс әкімінің орынбасары айтқан: «Ескерткіш Талдықорған қаласында дайын. Ол Абай мектебінің алдында орнатылуы керек. Ол мектептің күрделі жөндеуі бітпеді. Соған байланысты орнатылып, ашылмады» деген жауапты қайыра еске түсіріп көріңіз.  Енді осы сөзді жадыңызға түйе тұрып, аталған мектеп алдында бекітілген құрылыс құжатына зер салыңыз. (суретте)

Иә, аталған білім ордасында жүргізіліп жатқан құрылыстың аяқталатын уақыты айна-қатесіз 2021 жылы ақпанның 2 жұлдызы екені расталып тұр. Демек, бұл мектеп әуелден Абай жылы аясында (2020 жылды ғана қамтитын – ред.) қойылуы тиіс 100 миллиондық ескерткішке, тіпті бюстке де арналмаған деген сөз. Алда-жалда «Ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» кебімен ақынды бір жылдан кейін ғана ұлықтау көзделмесе. Анығы – Алматы облысы бір жыл бойы Абайдың ескерткішін қоятын орын таппаған.

 «Орын» демекші, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен КӨЛБАЕВТЫҢ да алғашқы тебінмен сол тұста отандық арналардың біріне берген пікірінде «… Ескерткіш бекітілгеннен кейін орны да нақты бекітіледі. Қазір бірнеше жерді қарастырып жатырмыз» деген сөзінде де шындықтың ұшы тұрғандай. Біз сараптап шыққанымыздай «Бірнеше жерді қарастырып жатырмыз» деп тұр…

Бұл – орынға қатысты орталатып қана айтқан алғашқы болжам деңіз.

ЕКІНШІДЕН, мерейтойлық ескерткішке байқау жариялап, қортынды жиында: «Талдықорғанда ашылатын ескерткіш өзге қалалардағыдан ерекшеленіп тұруы тиіс деп талап қойылды» деген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле АРЗАНБЕКОВАНЫҢ пікірі де тегін айтылмаған сыңайлы.

Қайыра оқып көріңіз. «Өзге қалалардан ерекшеленіп тұруы тиіс деп талап қойылды» деп тұр. Демек, бұл өңірдің бас құрылысшысы Баталовтың тапсырмасы болуы мүмкін деген сөз.

Әгәрәки, дәп солай болса, онда Абайды «отырғызып» қойған жобаның Амандық Баталовқа әу баста ұнаса да, кейіндеп жаға қоймағаны анық. (суретке назар салыңыз)

Өйткені «өзге қалалардан ерекшеленіп тұру» дейтін сөзді төбеге көтеретін Амандық Ғаббасұлы өзге аймақтардың ақынның 175 жылдығына орай өріп шыққан өзгеше де озық ескерткіштерін көргенде сөз жоқ ойланып қалуы тиіс.

Абайдың 175 жылдығына дейін де, мерейтойдың аясында да елді тамсандырған жобалар аз болмаған, білесіз. Айталық, Қарағандының Қарқаралысының өзінде Абай мен Құнанбай (әкелі-балалы екеу) қатар да шебер сомдалған ескерткіш қойылса, Шығыс Қазақстан облысының Қалбатау ауылында бала Абайдың Зере әжесінің алдында отырған ып-ыстық сәті бейнеленген өнер туындысы бой түзеген бұған дейін де. Ал Петропавлда Абай мен Пушкин тіріліп келгендей тұғыр үстінде паң «тұрысқаны» тағы бар.

Ол аз десеңіз, Алматы, Семей, Өскемен, Қарағанды сынды көптеген облыс-қалаларда тегі  – Құнанбай Ибраһимның ескерткіші екіден кем қойылмағанын және есепке алыңыз.

Басқасы-басқа,  «көштен қалу» дейтін тіркесті тіке айтасыз осы жерде. Алматы облысының әкімдігі көштен қалып тұр сөйтіп.

Дәл осы екі үлкен себеп Амандық Баталов үшін жайсыз жағдай болып тисе керек. Өйтпесе, облыс әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИДЫҢ «ескерткіш Талдықорған қаласында дайын тұр» дегені өтірік болып шықпақ.

Әлде, Абай Құнанбайұлының ескерткішіне бөлінген 100 миллион ақша игерілмей бюджетке қайтарылды деген сөз Алматы облысы әкімдігі «орнатпағанымыз ескерткіш болсын» деп Абайдың «әуірелі» мерейтойына қолын бір-ақ сілтеді деген сөз бе?!

Бұлай болса, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын маңызды деп тауып дәп-дәл өзі ақын туған топыраққа барған Тоқаевтың бастамасы да, басынан аяғына дейін тебіреніп жазған құнды мақаласы да түкке тұрғысыз болмақ.

Әлде, ұлт үшін кешірілмеуі тиіс бұл масқараның әлде қандай себебі бар ма еді, Амандық Ғаббасұлы?

P.S. Еркін пікір алаңы – «Аrasha.kz» ақпараттық-құқықтық порталы ұлттық намысқа тірелетін өзекті мәселеде Алматы облысы әкімдігінің нақты жауабын күтеді. 

 

 

Exit mobile version