27-08-21 |
1790 рет қаралған
«Халық жарылыстың астында қалды»: Мүйізі қарағайдай қауіпсіздік кеңесі қайда?.
«Халық жарылыстың астында қалды»: Мүйізі қарағайдай қауіпсіздік кеңесі қайда?

Жамбыл облысының әскери бөлімінің қоймасында 26 тамызда жарылыс болды. Қорғаныс министрлігі мен жергілікті билік 66 адамның зардап шеккенін айтты. Қаза болғандар бар. Жарылыстың астында қалған халық пен қорғансыз әскерилерді көрген халық бірден қауіпсіздік кеңесіне «қарады». Кешеден бері кеңестің шұғыл отырысын күткен халық «олардың халыққа жаны ашымай ма?» деген пікірде қалды.

Байзақ ауданындағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінде өрт шығып, 6 жарылыс болды. Аталмыш бөлім Тараз қаласынан шамамен 18 шақырым қашықтықта орналасқан.

Құзырлы орган әскери бөлімдегі жарылыстан қаза болғандардың тізімін жариялады.

Қорғаныс министірлігінің мәліметінше, Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты.

Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды. Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды.

Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты. Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шаралар қабылданатын болады.

Қазіргі уақытта қауіпсіздік мақсатында жолдар жабылып, темір жол қозғалысы тоқтатылды. Оқиға болған жерге қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен төтенше жағдайлар министі Юрий Ильин ұшып барды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.