Бұрынғы жылдары ерекше талантымен елді тамсандырған, «Бала Жамбыл» атанған ақын Жамбыл Дүйсенов туралы ақпараттар қайтадан ел назарын аудартты, деп жазады Ulysmedia.kz. TikTok қолданушылары бұрынғы видеоларын бөлісіп, дарынды жастың тағдырын қайта көтеріп жатыр.
Жамбыл Дүйсенов бүгінде АҚШ-та
Бірнеше күн бұрын желіде тараған видеода Жамбыл Нью-Йорк қаласының орталығында, Таймс-скверде жүргенін көрсетеді. Ол ата-анасына жолдаған бейнежолдауында:
«Біз қазір тура Нью-Йорктың ортасындамыз. Біз тұрған Таймс-скверге бүкіл адамдар жиналады. Адамдар жанымызда толып жүр. Бұл өте әдемі, күшті жер», – деп жеткізген.
Үш жыл ерте мектеп бітірген бала ақын
Ашық деректерге қарағанда, Жамбыл өз қатарластарынан үш жыл бұрын мектепті тәмамдаған. Бұған қоса, 3 кітабы жарық көрген жас ақын Мұхтар Шахановтан бата алғаны да көпшіліктің есінде.
Интернеттегі іздеу
TikTok пен әлеуметтік желілерде «Бала Жамбыл» туралы қызығушылықтың артуы – қазақ әдебиетінің болашағына деген сенімнің көрінісі. Көпшілік оның шығармашылығына қайта үңіліп, Америкада білім алып жүрген Жамбылдың жетістіктерін мақтан етеді.